10:45, 16 Маусым 2025 | GMT +5
Жыл басынан бері вейптердің заңсыз айналымына қатысты 32 дерек тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржылық мониторинг агенттігі электрондық темекі құрылғыларының заңсыз айналымымен күрес бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп келеді.

Агенттіктің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері вейптердің заңсыз айналымына қатысты 32 дерек тіркелді.
- 440 мыңнан астам бұйым тәркіленіп, жойылды; осы өнімдерді өндіруге арналған 6 бірлік жабдық алынды;
- тәркіленген өнімнің жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асты;
- 14 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Заңсыз қызмет Telegram, WhatsApp мессенджерлері және курьерлік қызметтер арқылы жүзеге асырылған. Түскен табыстар «дроптар» арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Аталған өнімдердің негізгі тұтынушылары – жастар мен кәмелетке толмаған оқушылар екенін атап өткен жөн.
Айта кетейік, елімізде шылым шегетіндер азайып, вейп пен электронды темекіге әуестенушілер саны артқан.