Жыл басынан Қостанай облысында қанша жұмыс орны ашылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қостанай облысы экономикасының барлық саласында оң серпін бар. Бұл туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов мәлім етті. 

Құмар Ақсақалов
Фото: ОКҚ

— Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша Қостанай облысында экономиканың барлық саласында оң серпін бар, сондықтан ел Президентінің 7% өсімге қол жеткізу жөніндегі тапсырмасы орындалатын болады. Мемлекет басшысы 2024 жылы 6% өсіммен аяқтауды тапсырған, оны 8,3 пайызға орындадық. Жыл басынан бері 24,1 мың жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар санының 23 пайызға төмендеуіне қол жеткізілді (1.01.2025 ж. 2 319-дан 1.12.2025 ж. 1 795-ке дейін), — деді Құмар Ақсақалов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, Қостанай облысы машина жасау өндірісінің көлемі бойынша республикада көш бастап тұр, яғни ел өндірісінің 25 пайыздан астамын құрады. Бүгінде облыс кәсіпорындары өндіріске инновацияларды, цифрлық технологияларды белсенді түрде енгізіп, өнеркәсіптік роботтарды пайдаланып жатыр. Мәселен, 2025 жылы роботтардың саны 3 есеге артып, 133 өнеркәсіптік роботты құрады, ал 2023 жылы олардың тек үшеуі ғана болатын.

— «KamLitKZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 500 жаңа жұмыс орнын ашу арқылы құны 78,2 млрд теңге болатын шойын құю зауытының құрылысы жобасын іске асырды. Тағы бір ірі зауыт ашылуға дайын. Ол жүк көліктеріне арналған жетекші белдіктер шығаратын зауыты. Инвестиция көлемі 160,5 млрд теңге және 650 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, жеңіл автомобильдерге автокомпоненттер шығаратын зауыт салынып жатыр. Мұнда 800 жұмыс орны ашылады. Инвестиция көлемі — 17,8 млрд теңге, — деді әкім.

Бұған дейін қайтарылған активтер есебінен 4 мыңға жуық қостанайлық таза сумен қамтылатынын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар