Жыл басынан су нысандары аумағындағы 18 заңсыз құрылыс нысаны сүрілді
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың басынан бері Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің бассейндік инспекциялары жерүсті су нысандарында, сондай-ақ су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз құрылыс жүргізудің 18 дерегін анықтады.
Бұл фактілердің әрқайсысы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде сот 18 шешім шығарып, жалпы сомасы 12,7 млн теңге болатын әкімшілік айыппұл салу және заңсыз салынып жатқан немесе салынып қойған құрылыстарды мәжбүрлеп бұзу туралы қаулы қабылдады.
— Бассейндік инспекциялар су заңнамасының талаптары сақталуын тұрақты түрде тексеріп отырады. Сонымен қатар Бас прокуратурамен бірлесіп қабылданған «Судың қара нарығына» қарсы күрес жөніндегі жол картасы аясында да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал былтыр қабылданған Су кодексі бассейндік инспекторлардың өкілеттіктерін кеңейтіп, су нысандарын қорғауға қатысты нақты талаптарды белгіледі, — деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.
Айта кетелік Шығыс Қазақстанда құрылысы заңсыз жүргізілген 12 нысан сүрілген еді.