Жыл сайын 5 мыңға жуық жасөспірім құқық бұзғаны үшін полицияға жеткізіледі
АСТАНА. KAZINFORM – Жасөспірімдердің құқық бұзушылығының алдын алуға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленді. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Әсет Оспанов айтты.

- Министрлік құқық бұзушылықтардың, оның ішінде жасөспірімдер қылмысы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жаңа заң жобасын әзірледі. Осы заң жобасы аясында кәмелетке толмағандарға құқықтық, әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік органдардың құзыреті қайта қаралады. ІІО профилактикалық бақылауына жататын адамдардың санаттары жаңартылады. Заң жобасы Мәжіліс депутаттарының қарауына енгізілді, - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.
Оның айтуынша, заңнамамен қатар балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған тәжіриелік шаралар да қабылданып жатыр.
- Жыл сайын полиция органдарына түрлі құқықбұзушылықтар үшін 5 мыңға жуық кәмелетке толмағандар жеткізіледі. Өткен жылы балалары тұрғын үйден тыс жерде және түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке 112 мың ата-ана мен 2,5 мыңға жуық кәсіпкер, осы жылдың үш айында 29 мың ата-ана және 800-ден астам бизнес иелері тартылды, - деді Әсет Оспанов.
Бұған дейін Ақтөбеде қару кезеніп, фотоға түскен, кейін оны әлеуметтік желіге жүктеген бір топ жасөспірім анықталғанын жазған едік.