Жыл сайын оқушылар бір күн өздері сабақ беріп, ұстаздықтың ауыр жүгін сезінеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — 5 қазан — ұстаздар күні. Дәстүрге сай жыл сайын мереке қарсаңында оқушылар ұлағатты ұстаздарына ерекше құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын сыйлап, концерттік бағдарлама ұсынады. Кazinform тілшісі Алматы мектептерінің бірінде болып, мерекелік атмосфераны сезініп қайтты. 

оқушы
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Бүгін Алматыдағы қазақ тілінде білім беретін № 147 гимназия оқушылары мектепке ұстаздарынан бұрын келді.

Жоғары сыныпта оқитын ұл-қыздар мектептің ішін түрлі-түсті шармен безендіріп, қабырға газетін ілді. Бар ғұмырын ағарту ісіне арнаған мұғалімдерін қызыл кілем төсеп, зор қошеметпен қарсы алды.

Мереке қарсаңында ұлағатты ұстаздардың жұмысын жеңілдету мақсатында жоғары сынып оқушылары ұстаздардың орнына төменгі сынып оқушыларына сабақ береді.

11-сыныпта оқитын Заңғар Өмірұзақ — болашақ педагог. Бүгін ол бір сәт мұғалім болып көрді. Жетінші сыныпқа алғашқы сабағын берді.

Үлкен жауапкершілікті арқалаған Заңғарды дайын ұстаз деуге болады.

«Болашақта мұғалім боламын деп шештім. Біріншіден, ұстаз деген — ғылымға жетелейтін маман ғана емес, адамды рухани байытатын тұлға. Ұстаздар ерекше азаматтық миссияны орындайды — келер ұрпаққа тәрбие береді. Екіншіден, қазір байқағаным — ер мұғалімдер жоқтың қасы. Негізі ер адамның ұстаз болғаны өте жақсы, ұлдардың тәрбиесіне қарайды», — дейді Заңғар.

оқушы
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Ілияс Дәулетхан дүниежүзі тарихы пәнінен сабақ берді. Ол алдымен оқушылардан үй тапсырмасын сұрап, сосын жаңа тақырып өтті. Айтуынша, мұғалімге жүктелген жауапкершілікті 45 минутта түсінді.

оқушы
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

«Бүгін өзімді мұғалімдердің орнына қойып көрдім. Өте қиын екен. Жауапкершілікті сезіндім. Алдыңда отырған 25 оқушының назарын өзіңе аударып, оларға сабақ түсіндіру оңай шаруа емес. Сондықтан осы сәтті пайдаланып, ұстаздарыма алғыс айтқым келеді. Сіздер бар құрметке лайықсыздар», — дейді 11-сынып оқушысы.

Төменгі сыныптарға қазақ тілі пәнінен сабақ өткізген Асылайым Баймұхан да жаңа тәжірибенің қызығы мен шыжығын сезініп көрді. 

оқушы
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

«Маған сабақ берген қатты ұнады. Оқушылар жақсы дайындалып келіпті. Мені кәдімгі мұғалім ретінде қабылдап, ұйып тыңдады», — дейді ол.

мектеп
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының жұмысы Бексұлтан Лесбекке жүктелді. Ол түске дейін бірінші қабаттан, бесінші қабатқа сан мәрте көтеріліп-ақ шаршап қалды.

«Ең қиын жұмыс маған беріліпті. Бүгін Раиса апайдың орнында болып көрдім. Оқушылардың киім үлгісі, сабаққа қатысуы, үзілістегі тәртібі, балалардың асханада тамақтануына дейін қарап жүрдім. Бірі тыңдаса, енді бірі құлақ аспайды. Бірінші қабаттан бесінші қабатқа көтеріліп-түсу қиын болды», — дейді Бексұлтан.

Педагогтардың айтуынша, оқушылардың жауапкершілігі және оны сезінуі, мұғалімнің жұмысын түсіне білгені көрініп тұр. 

мектеп
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

«Мектебімізде 5 қазан — ұстаздар күні мерекесіне орай „Дублер күні“ ұйымдастырылып, 10-11 сынып оқушылары пән мұғалімдерінің орнына сабақ берді. Біз артқы партада отырдық. Балалар барын салды. Тіпті олардан үйренеріміз де бар екен. Сабақты қызық қылып өткізуге тырысты. Тақырыпты түрлі ойындар арқылы түсіндіріп берді», — дейді қазақ тілі пәнінің мұғалімі Жазира Алдаш.

Ұлағатты ұстаз Алмагүл Манапқызы оқушыларға берген білім мен тәлім өз жемісін беретініне сенімді.

«Өзінің бар білімі мен білігін шәкірттерінің санасына сіңіріп, оның жақсы адам болып қалыптасқанын көксеп, жетістігіне қуанатын — мұғалім. Бала — ата-анасы мен ұстазының көшірмесі дейді ғой. Бүгін мен соның куәсі болдым. Оқушым сабақ беріп жатқанда, айнадан өзімді көргендей болдым. Жүріс-тұрысы, сабақты түсіндіруі тіпті сөйлеу мәнері де менікі», — дейді Алмагүл Манапқызы.

№ 147 гимназия директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Раиса Сахиеваның сөзінше, мектептегі шараның бәрі оқушылардың атсалысуымен өтеді.

мектеп
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

«Бүгін оқушылар ұстаздарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Дублер күні жоғары дәрежеде өтті. Оны мектеп парламенті мен өзін-өзі басқару ұйымы ұйымдастырды. Ұйымның мүшелері — жоғары сынып оқушылары. Былтыр „Біртұтас тәрбие“ бағдарламасы қабылданды. Соның аясында алты ұлттық құндылық бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, біздің мектепте қоңыраудың орнына күй орындалады», — дейді ол.

Айта кетейік, мектепте 86 ұстаз бар. Оның 32-сі — мұғалім-зерттеуші.

а
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform
а
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар