Жыл соңына дейін 1700 жәрмеңке өтеді
АСТАНА.KAZINFORM — Төртінші тоқсанда шамамен 1700 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Олар сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ барлық мереке күндерінде өтеді. Отандық өндірушілерге сауда орындары тегін беріледі.
Өткен демалыс күндері еліміздің барлық өңірлерінде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтті. Қазақстанның барлық аймағында 95 нүктеде 1400-ден астам фермер өз өнімдерін ұсынды. Мұндай жәрмеңкелердің басты ерекшелігі — әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерін делдалсыз және үстеме бағасыз тікелей сатып алуға болады.
— Сиыр еті жәрмеңкеге келушілердің ең көп сұранысына ие болды. Еліміз бойынша шамамен 170 тонна ет сатылды. Ел астанасы сиыр етін сату көлемі бойынша көшбасшы, Мұнда тұрғындар келісі 3100-3500 теңгеге аралығында шамамен 60 тонна ет сатып алды. Алматыда 3100-4000 теңгеге аралығында 25 тонна сиыр еті сатылды. Аймақтарда баға айтарлықтай төмен болды: Батыс Қазақстан облысында 2500-2800 теңге, Қызылорда және Түркістан облыстарында 2500 теңге, Павлодар облысында 2300-2600 теңге, Солтүстік Қазақстан облысында 2700-3200 теңге аралығында ет сатылды, — делінген хабарламада.
Картопқа да жоғары сұраныс байқалды. Еліміз бойынша 400 тоннадан астам картоп сатылды. Аймаққа қарай өнім бағасы килограммына 100-ден 230 теңгеге дейін өзгерді.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің өткізілу әлі жалғасады. Төртінші тоқсанда шамамен 1700 жәрмеңке өткізу жоспарланған. Олар сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ барлық мереке күндерінде өтеді. Отандық өндірушілерге сауда орындары тегін беріледі.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері фермерлерді қолдаудың және бағаларды тұрақтандырудың тиімді құралы болып қала береді. Тұрғындар осындай іс-шараларға қуана қатысып, сапалы және жаңа өнімдерді өндірушілерден тікелей қолжетімді бағада сатып алып жатыр.
Айта кетелік Азық-түлік корпорациясы Қытаймен цифрлық арналарды іске қосу үшін келіссөз жүргізіп жатыр.