Жыл соңына дейін 30 мың мемқызметші жасанды интеллектінің алғышартын меңгереді

САМАРҚАНД. KAZINFORM – Өзбекстанның Самарқанд қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет форумы
Фото: Әлихан Асқар / Kazinform

Ауқымды іс-шараға Орталық Азия, Еуропа, Латын Америкасы және Африка елдерінен келген министрлер мен өзге де лауазымды мемлекеттік қызметшілер қатысып жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет форумы
Фото: Әлихан Асқар / Kazinform

Делегаттар мемлекеттік қызмет саласын цифрландыру және салаға жасанды интеллектіні енгізу мүмкіндіктерін талқылайды.

Осы ретте форумға қатысып жатқан ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Азамат Жолманов Kazinform тілшісіне сұхбат беріп, елімізде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет форумы
Фото: Әлихан Асқар / Kazinform

- Біздің академияда жасанды интеллект зертханасы құрылды. Онда біз түрлі платформаларға талдау жасаймыз. 2029 жылға дейін Мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамасында бізге жүктелген нақты міндеттер жазылған. Оның ішінде саланы цифрландыру басым бағыт ретінде айқындалған. Қазір осы төңіректегі мәселелерді реттейтін жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр, - деді Азамат Жолманов Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Мемлекеттік қызмет форумы
Фото: Әлихан Асқар / Kazinform

Спикер атап өткендей, биыл Мемлекеттік басқару академиясының оқу бағдарламасы жаңа пәнмен толықты. Атап айтқанда, білім ордасы енді цифрлық платформалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлауға кірісті.

- Биыл біз оқу бағдарламасына «Цифрлық мемлекеттік басқару» пәнін енгіздік. Бұл мамандар саланы цифрландыруға қажетті платформалармен жұмыс істемек. Сонымен қатар олар киберқауіпсіздік мәселелерін шешуге де жұмылдырылады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп, мемлекеттік қызметшілерді жасанды интеллектімен жұмыс істеуге үйрететін бағдарлама әзірледі. Біздің мақсат – 3 жылда барлық 90 мың мемқызметкерді осыған үйрету. Бүгінге дейін шамамен 1700 адам оқуды тәмамдады. Жыл соңына дейін 25-30 мың мемқызметші жасанды интеллектімен жұмыс алғышарттарын меңгереді деп жоспарлап отырмыз, - деп тоқталды Азамат Жолманов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект курсы басталғанын жазып едік.

Осы уақытқа дейін елімізде оқушыдан мемлекеттік қызметшіге дейін жасанды интеллектіні меңгеретінін және оның маңызы туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар
Референдум