Жыл соңына дейін пилотсыз көлік құралдарын пайдаланудың заң актісі қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінде елімізде пилотсыз көлік құралдарын пайдалану бойынша құқықтық шеңбер әлі күнге дейін нақты айқындалмаған. Бұл туралы Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров айтты.
— Пилотсыз көлік құралдары ғылым мен техниканы (жасанды интеллект, робототехника, байланыс және т. б.) дамыту министрлік алға қойған басым бағыттардың бірі. Алайда пилотсыз көлік құралдарын пайдалану бойынша құқықтық шеңбер әлі күнге дейін нақты айқындалмаған. Пилотсыз құралдардың қызметін одан әрі нысаналы реттеудің негізін қалыптастыру мақсатында министрлік қолданыстағы заңнамалық актіге түзетулер енгізді, — деді Мақсат Қалиақпаров Үкімет отырысында.
Министрдің мәлімдеуінше, жаңаланған заңнамалық актіде негізгі ұғымдар мен уәкілетті органдардың құзыреті көзделген.
— Түзетулер алдын ала барлық мемлекеттік органмен келісілді. Жыл соңына дейін қабылдайтын боламыз. Бұл ретте, пилотсыз көліктерді қолдану тиісті инфрақұрылымның болуын талап етеді. Осыған байланысты пилотсыз көліктер арқылы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін «smart» жолдарды салу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Қазір пилотсыз жүк тасымасын Қазақстан — Қытай шекарасында (Бахты — Покиту) қолдану бойынша жұмыс қолға алынды, — деп толықтырды ол.
Еске сала кетсек, биыл жазда елімізде азаматтық пилотсыз авиацияны дамытудың тұжырымдамасы бекітілді.