Жыландыдағы робототехника жарысы
ЖЫЛАНДЫ. KAZINFORM – Бізде де нейрондар миының мың қатпарында атойлағандар өсіп келеді. Оған Алакөл ауданы Жыланды ауылында өткен роботтар сайысында көз жеткіздік.

«Ақылды ауыл» деген концепция мүлдем атымен жоқ. Қарапайым қала мектептерінде сандық технологияны игеру, робототехникалық зертханалар болуы мүмкін. Ал ауыл үшін оның «ауылы» тым алыс. Бірақ Алакөл ауданындағы Жыланды елді мекенінде орналасқан дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты талай ауылға, оның ішінде ауыл мектебіне үлгі. Робот құрастыру зертханасы жасақталған мектептің Water 7 командасы бірнеше жылдан бері республикалық сайыстарда оза шауып жүр. Ендігі мақсат – халықаралық аренаға шығу. Сол үшін «Zhulandy First Championship» республикалық турнирі өткізілді.

Аталмыш сайысқа еліміздің мен-мен деген білім ордаларынан 15 команда қатысуға ниет білдірді. Ustem foundation робототехниканы дамыту қорының директоры Асылбек Мұрзахметовтің айтуынша, барлық команда «сен тұр, мен атайын» деген кіл мықтылар. Бірақ Жыланды құрамасынан басқасы ірі қалалардың мектептерінен шыққан командалар. Құлтемірлер додасында сөз алған ZHERSU инвестициялық-өндірістік корпорациясының кеңес төрағасы Бауыржан Оспанов ауылшаруашылығында маман тапшылығы айқын байқалып жатқанын, жастардың егін егу мен мал бағуға құлық танытпайтынын, болашақта осы мәселені роботтардың көмегімен шешуге болатынын жеткізді.

– Жыланды ауылындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатында робототехника зертханасы жасақталған. Ауылдың мәселесін ауыл баласы ғана біледі. Осы зертханада білігін жетілдірген балалар саладағы кадр тапшылығын шешуде маңызды қадамдар жасайды. Олар болашақта салаға қажетті автоматтандырылған техникалар құрастырады, – деді ол.

Шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев республика бойынша құлтемірлер сайысы бірінші рет ауылда, оның ішінде Жыланды ауылында өтуі Жетісу өңірі үшін үлкен жетістік екенін алға тартты.

Додада топ жарған PID командасы Нидерландтағы Benelux чемпионатына жолдама және 400 мың теңге сыйақы еншілесе, 2-орынға алған POINT командасына 300 мың теңге сыйақы, Үндістандағы FIRST Tech Challenge жарысына жолдама берілді. Ал SEN командасы 200 мың теңге сыйақыны қанжығасына байлады. Жарысқа қатысушылардың бәріне қаржылай сый-сыяпат көрсетілді.