Жылына бірнеше рет тұтанатын Каспий жағалауындағы қамыс өртінен қандай зиян бар
АТЫРАУ. KAZINFORM — Каспий теңізінің жағалауы өрттен көз ашпай келеді. Теңіз жағалауында өскен қамыс жыл сайын көктемде және күзде өртенеді. Жалынның тұтану себебін ешкім дөп басып айта алмайды.

Мәселен, 2022 жылғы 14 қыркүйекте тұтанған жалын бір апта бойы сөнбеді.
Қамыс өрті былтыр да қайталанды. 2 сәуірде басталған қамыс өрті бір күнде — 85, ертесіне — 89 гектар аумақты шарпыды.
Биыл 7 қазанда теңіз жағалауындағы қамыс қайтадан өртенді. Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметіне сүйенсек, сол күні сағат 13:00–де «Еврокоптер» тікұшағымен Каспий теңізінің жағалауына әуеден барлау жүргізілген. Барлау кезінде теңіз жағалауынан өрт ошағы табылған.
«Құрманғазы ауданындағы Құрманғазы ауылынан 43 шақырым, Исатай ауданының Зинеден ауылынан 56 шақырым қашықтықтағы Каспий теңізінің жағалауында 5 гектар қамыс бықсып жатқаны анықталды. Өрттің ошағы сулы, батпақты жерде болғандықтан, жерден сөндіруге қиындық туындады. Сол себептен, жалынның ошағына сағат 15:15–те „Қазавиақұтқару“ АҚ-ның МИ-8 тікұшағымен 18 өрт сөндіруші жіберілді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Сол күні сағат 17:00–де тікұшақпен әуеден су төгу басталды. Қазавиақұтқару мекемесіне тиесілі МИ-8 тікұшағының су төгу құрылғысымен өрт ошақтарына 30 тоннадан астам су төгілді.
9 қазан күні түсқайта «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваттың аумағынан да қамыс өрті анықталды.
«Атырау қаласының маңындағы Еркінқала ауылынан 40 шақырым қашықтықта, Каспий теңізінің жағалауындағы „Ақжайық“ мемлекеттік табиғи резерватының аумағында қамыс жанып жатыр. Қамыс өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаменті мен „Ақжайық“ мемлекеттік табиғи резерватынан 46 қызметкер, 16 техника тартылды. Қараңғы түсуіне байланыс өртті сөндіру жұмысы уақытша тоқтатылды», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының ақпаратына қарағанда, Каспий жағалауындағы қамыс өрті 341 гектарды шарпыған. Бұл деректі «Ғарыш Сапары» АҚ ұсынып отыр. Ал, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағын өрт 800 гектарға жуық аумаққа жайылған.
Рас, Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртінен елді мекендерге қауіп төнген жоқ. Алайда, Атырау қаласының, оған іргелес қоныстанған елді мекендердің тұрғындары ауа сапасының нашарлағанына шағым айтты.
Облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есенов мұнайлы шаһарда атмосфералық ауа сапасының ластанғанын жоққа шығарған жоқ. Оның айтуынша, Атырау қаласының бірнеше бөлігінде түтіннің иісіне байланысты атсосфералық ауаның сапасына мониторинг жүргізілген.
«Мониторинг кезінде күкіртті сутек, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, азот диоксиді және метан ингредиенттері секілді ластаушы заттардың ингриденттері қамтылды. Мониторинг нәтижесімен ауаға тараған көміртек оксиді және метан ингредиенттерінің шекті шоғырлану мөлшерінен асу дерегі тіркелді», -деп мәлім етті Ерлан Есенов.

Қамыс өртін сөндіру неге ұзаққа созылады?
Жағалаудағы қамыс өрті жыл сайын қайталанғанымен, оның себебі әлі айтылған жоқ. Бірақ, төтеншеліктер адам факторының әсері барын жоққа шығармайды.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллиннің айтуынша, қазір аңшылық маусымы өтіп жатыр.
«Бұл маусым желтоқсанның ортасына дейін жалғасады. Қамыс өртінің тұтануына аңшылардың далада от жағуы мен темекі тұқылын тастауы себеп болуы мүмкін», -дейді Бағдат Абдуллин.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев те осындай пікір білдірді.
«Батпақты жердегі қамыс өрті өздігінен тұтанбайды. Бұған адами фактордың әсері тигені даусыз. Алдағы уақытта солтүстік Каспий аумағында балық аулауға, аңшылықпен айналысуға тыйым салу мәселесін қарастырып отырмыз. Бұл үшін Каспий теңізі жағалауының Ресейдегі Астрахань облысы мен Маңғыстау облысына дейінгі аралығы „Ақжайық“ мемлекеттік табиғи резерват аумағына берілуі қажет. Ал табиғи резерваттың аумағында балық және аң аулауға тыйым салынған», — деген еді Жасұлан Бисембиев.

Ал, қамыс өртін сөндіру неге ұзаққа созылады? Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллиннің айтуына қарағанда, Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртіне көлікпен жету қиындық тудырып отыр. Өйткені, өрт сулы, батпақты жерде тұтанады.
«Қазір департаментте 123 техника бар. Жергілікті әкімдікке батпақты аумақтағы өртті сөндіруге қажетті шынжырлы табанды, жол талғамайтын трактор түріндегі арнайы 4 техниканы сатып алуға ұсыныс берілді», -деп мәлім етті Бағдат Абдуллин.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бағдат Абдуллиннің дерегіне сүйенсек, теңіз жағалауындағы сулы, батпақты аумақта тұтанған жалынға тек екі көлік жақындай алады.

Бұл — жол талғамайтын «Трэкол» және «Шерп» маркалы көлік. Екеуі де жол талғамайды. Мәселен, «Шерп» биіктігі 70 см құрайтын кедергілерден оңай өтеді. Суда жүзеді. Айдындағы судан мұз үстіне көтеріледі. Батпақта жүре алады. Дөңгелегінің диаметрі — 160 см. Құрлықта сағатына 45 шақырымды, ал суда 6 шақырымды еңсереді.
Бірақ, бұл көліктер өрт сөндіруге емес, батпақты, қарлы жерде, мұз үстінде, сондай-ақ суда авариялық-құтқару мен іздестіруге арналған.
Мамандардың түсіндіруінше, батпақты жердегі жалынды сөндірудің кешеуілдеуіне әсер ететін бір жайт бар.
Бұл — жол талғамай, батпақты кешіп-ақ жүретін арнайы техниканың жоқтығы. Дәл сондай техника төтенше жағдайлар департаментінде де, «Ақжайық» резерватында да жоқ.

Сол себептен төтеншеліктер Каспий жағасындағы өртті тікұшақпен су шашып, сөндіруге мәжбүр болып отыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақпен 30 тонна су төгілгенін хабарлаған болатынбыз.
Сондай-ақ, Атыраудағы қамыс өртінен ауада ластаушы заттар шекті мөлшерден асқанын жазған едік.
