Жылыой жастары «Жасыл ел» бағдарламасымен құрылыс жұмыстарына тартылады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында «Жасыл ел» еңбек жасағынан Жылыой ауданының жастары үшін құрылыс бағыты ашылды.

Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әйгерім Құрманберлиеваның айтуынша, биыл «Жасыл ел» еңбек жасағы өңірдегі төтенше жағдайға байланысты көгалдандыру мен абаттандыру жобаларына тартылады.
«Жылыой ауданының жастары үшін құрылыс бағыты ашылды. Жергілікті жастардан алғаш рет ашылған бағытпен жұмыс істеуге және көгалдандыруға 140 адам тарту көзделіп отыр. Құлсары қаласында тасқын судың зардабын жою, инфрақұрылымдарды қайтадан қалпына келтіру мақсатындағы жұмыстарға 18 бен 35 жас аралығындағы жастар қабылданады. Жұмысқа қабылданған жастар құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырады. Оларға төленетін еңбекақының қаржысы «Жасыл ел» еңбек жасағы мен келісімшартқа отырған құрылыс компаниясынан бөлінеді», - деп хабарлады Әйгерім Құрманберлиева.
Оның дерегіне сүйенсек, «Жасыл ел» еңбек жасағына 16-дан 35 жасқа дейінгі 1 мың жасты жұмысқа тарту жоспарланған. Жастар Атырау қаласы мен оған іргелес орналасқан 6 ауылдық округтің аумағында жұмыс істейді.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Құлсарыда жаңа тұрғын үйлердің қабырғасы қаланып жатқанын жазған болатынбыз.