Жылыту маусымы басталғалы 650 үй өртенді - Астанада рейд өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жылыту маусымы кезінде жер үйлерде болатын өрт, көмірқышқыл газынан улану оқиғаларының алдын алуға арналған профилактикалық рейд өтті.
Шара Астанадағы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде ТЖМ қызметкерлерінің сапқа тұруынан басталды. ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев жиылған жұртқа бұндай шараның адамдардың өміріне төнетін қауіпті сейілтуде маңызы зор екенін атап өтті.
Өз кезегінде, Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Мадияр Мырзагелдиев рейд кезіндегі іс-әрекеттерді бір пысықтап өтіп, тиісті нұсқаулар берді.
Бұдан кейін өрт сөндіру қызметі мамандары, жергілікті атқарушы орган өкілдері, полиция инспекторлары, волонтерлар және БАҚ өкілдерінен құралған топ жеке тұрғын үйлер орналасқан ауданға аттанды.
Жер үйлерді аралау барысында өртке қарсы қызмет мамандары пешті пайдалану кезінде жіберілетін олқылықтарды, өрттің шығуына себепші болатын жағдайларды айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жылыту жабдықтарын, электр құралдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздіктің негізгі ережелерін еске салды. Үйінің жылыту бөлігі аумағын көрсетуге келісім берген тұрғындардың пеші мен мұржасын тексеріп, қауіп бары анықталған жағдайда, оны қалай реттеу керегін айтты. Кейбір тұрғындарға улы газ тараған жағдайда дабыл қағатын құрылғылар орнатып беріп жатты.
«Жылыту маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды. Өйткені жылыту құралдары мен пешті пайдалану өрт шығу қаупін арттырады. Біз адамдарды жылыту жабдықтары мен электр құрылғыларымен қауіпсіз жұмыс істеу ережелері туралы хабардар ете отырып, профилактикалық іс-шараларды белсенді жүргізудеміз. Апаттың алдын алу шаралары - қайғылы оқиғаларды болдырмаудың негізгі жолы. Біз барлық тұрғындарды осы жылыту маусымы еш қиындықсыз өтуі үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз», - деді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев.
Сондай-ақ, комитет төрағасының орынбасары рейд барысында ешқандай айыппұл салынбайтынын, шара тек құлағдар ету, ескерту мақсатында өткізіліп жатқанын атап өтті.
Арнайы құрылғының арқасында 248 адам құтқарылды
ТЖМ мәліметінше, жылыту маусымына дайындық аясында арнайы мамандар әлеуметтік осал азаматтар тұратын 100 мыңнан астам тұрғын үйді аралаған.
Бұдан басқа, әкімдіктермен және еріктілермен бірлесіп тұрғын үйлерде автономды өрт сөндіру құрылғыларын орнату бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 2020 жылдан бастап ведомство ұсынысы бойынша жеке азаматтардың үйіне 107 мыңнан астам автономды құрылғы орнатылған. Олардың уақтылы жұмыс істеуінің арқасында биыл 248 адам құтқарылды.
Ал, биыл әлеуметтік тұрғыда осал азаматтардың үйлеріне 14 мыңнан астам жаңа датчик орнатылған. Бұл құрылғы өрт болған жағдайда дабыл қағады.
«Жылыту маусымында Төтенше жағдайлар қызметкерлері жергілікті әкімдік, полиция инспекторлары, волонтерлармен бірлесе әртүрлі профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Соның бірі – бүгінгі рейд. Мұндай іс-шара кезінде біз негізінен әлеуметтік осал топтарға назар аударамыз және улы газды анықтайтын датчиктер орнатамыз. Бұндай құрылғылар улы газдың концентрациясы жоғарылаған кезде сигнал береді. Дабылды естісімен тұрғындар үйінен далаға шығып, 101,102 номерлеріне хабарласуы керек. Сол бойынша нұсқаулықтар жүргізіледі», - деді Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Елдос Зияда.
Бұндай құрылғыларды адамдар өздері де сатып алып, орната алады. Ал, әкімдіктің, қайырымдылық қорларының қаржысына алынған бұндай құрылғылардың саны шектеулі, сондықтан да олар әуелі әлеуметтік жағдайы төмен жандар тұратын үйлерге тегін орнатылады.
Құрылғы тоқсыз, қуаттандырғыш батареялар күшімен жұмыс істейді. Тек, оны уақтылы ауыстырып тұрса, болғаны. Орнату да өте оңай, әркім өзі қолдану нұсқаулығына қарап-ақ орната беруіне болады.
Жеке үйдегі өртке қандай қателік жиі себеп болады?
Өрт сөндірушілердің айтуынша, жер үйлердегі өртке көп жағдайда жылыту пешін дұрыс қолданбау себеп болады. Пешті пайдалану кезінде кеткен олқылықтан бөлек тағы бір себеп ретінде мына статистикалық деректі айтуға болады: өрттен қаза болғандардың үштен бірі масаң күйде болған. Яғни, оқыс оқиға болар алдында алкогольдік ішімдік ішкен. Бұл көп жағдайда әлдебір құрылғыдан шыққан ақау емес, адамның өзі өрт қауіпсіздігін сақтамауы қайғылы жағдайға соқтыратынын көрсетеді.
Сондай-ақ, өрт бейәлеуметтік жағдайда өмір сүретін адамдар тұратын үйлерде жиі шығатыны айтылды.
Волонтерлер өрттің алдын алуға атсалысуда
Рейд кезінде топ құрамында елордалық волонтерлер де болды. Олар бұған дейін тұрғындарға өрт қаупін ескерту парақшаларын таратып, үйлерді аралауға атсалысқан екен.
«Бұндай шараларға жазда да қатыстық, онда ескерту парақшаларын тараттық. Ал жылыту маусымы басталғалы бұл алғашқы рейдіміз. Біз адамдарға көмектескіміз келеді. Оларды қауіптен сақтауға атсалысу – басты міндетіміз деп санаймыз. 5-6 мыңдай волонтер бармыз, бұндай жұмыстарға алдағы уақытта да қатысатын боламыз», - деді 17 жастағы ерікті Милад Әлімбекова.
Жылыту маусымы басталғалы өрттен 31 адам ажал құшқан
Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы Елдос Зияданың айтуынша, қауіпсіздікті арттыру үшін жасалып жатқан жұмыстарға қарамастан, жылыту маусымының басынан бері Қазақстанда тұрғын үй секторында 650 өрт тіркелген. Осы тосын оқиғалар кезінде 59 адам құтқарылған, өкінішке қарай, 31 адам қаза тапқан. Ал 20 азаматты күйік шалып, түрлі дәрежеде түтіннен уланған.
Қандай ережелерді ескеру керек?
Төтенше жағдайлар министрлігі барлық азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Әсіресе, өрт қаупі едәуір артатын жылыту маусымы кезінде:
- жарамды пештер мен электр құрылғыларын ғана пайдалану керек;
- пештің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу керек;
- мұржаны ыстан уақтылы тазарту керек;
- пеште және электр құрылғыларында ақау бар-жоғын үнемі тексеріп отыру керек;
- пеш жағуды балаларға тапсырмаған жөн;
- пеш жағу үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдаланбаған абзал.