Жылыту маусымы басталғалы Павлодардағы жер үйлерден 60 өрт шыққан
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бес адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Өрттен келген жалпы шығын 10 млн теңгеден асып отыр.
Мұндай статистиканы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ұсынды.
Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаровтың айтуынша, жылу беру маусымы басталғалы Павлодар облысындағы тұрғын үйлер секторында 60 өрт тіркелген.
Келеңсіз жайттар адамдардың абайсыздық танытуынан, электр жабдықтарын орнату мен іске қосу қағидаларын дұрыс орындамауынан, пеш қондырғыларын пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін елемеуінен туындайды.
«Өрттен келген жалпы шығын 10 млн теңгеден асты. Бес адам құрбан болып, тағы жетеуі жарақат алған. Ал биылғы жыл басынан сауда нысандарында 20 өрт оқиғасы тіркеліп, келтірілген материалдық шығын көлемі 8 млн теңгеден асқан» деп хабарлады Б.Омаров.