Жылыту маусымы басталғалы Павлодардың тұрғын үй секторында 8 өрт тіркелген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Абырой болғанда адамдар аман. Дейтұрғанмен облысқа қарасты аудандардың бірінде кәмелетке толмаған екі бала улы газбен уланып қалған.

Таразда көпқабатты тұрғын үйдегі өрттен адамдар құтқарылды
Фото: ТЖМ

Өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтың хабарлауынша, жылу беріле бастағалы облыс аумағында бірнеше өрт оқиғасы тіркелген.

- Жылуға қосыла бастаған сәттен тұрғын үй секторларында өрттердің жиілегені байқалады. Маусым басталғалы құтқарушылар 8 өрт оқиғасына шыққан. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Алайда аудандардың бірінде екі жасөспірім улы газбен уланып қалды, - дейді ол.

Департамент өкілінің сөзінше, құтқарушылардың арнайы есебінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар тұратын 1 105 тұрғын үй бар. Олардың барлығы улы газды анықтайтын арнайы датчиктермен (хабарлағыштармен) жабдықталған.

Құтқарушылар тұрғындарды өрт қауіпсіздігі мәселелеріне жауапкершілікпен қарауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзбауға шақырады.

- Пешпен жылыту жүйесін пайдалану кезінде жанып жатқан пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ пешті кішкентай балаларға тапсыруға болмайды. Отынды және басқа да тез жанғыш заттар мен материалдарды пештің алдындағы табақшаға қоймаңыз. Пештің есігін ашық қалдыру да аса қауіпті. Ал оның жанында киім мен басқа да заттарды кептіруге, жылыту пешін шамадан тыс қыздыруға болмайтынын да еске саламыз, - деп ескертеді мамандар.

Еске сала кетейік, ШҚО-да жер үйден өрт шығып, әйел мен екі бала мерт болды.