Жылқы етін жеп көргіміз келеді – көшпенділер ойындарына келген нидерландтық фотожурналистер

АСТАНА. KAZINFORM – Джонна Элизавет Райтер пен Эрик Уолф – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Нидерланд елінен арнайы келген фототілшілер. Ойынды тамашалап жүрген қонақтарды әңгімеге тартқан едік.

жылқы
Фото: Дәулет Ізтілеу/Kazinform

Шетелдік меймандар елімізге алғаш келіпті. Олар Қазақстанда бір аптадай болуды жоспарлап отыр.

«Қазақстанға алғаш келіп отырмыз, алдымен көзге түскені халық – қонақжай. Бүгін келдік, әлі ойындарды тамашалап үлгермедік, Қазақстан туралы көбірек білгіміз келеді. Менің жеке сайтым бар, көшпенділер ойындарының фотоларын сол жерде жариялайтын боламын», - деді Джонна Элизавет Райтер.

Еуропалық қонақтарға көшпенділер ойындарындағы атмосфера ұнап жатыр, әсіресе музыка. Сондай-ақ, әзірге қазақтың ұлттық тағамдарының дәмін татпағанын айтты. 

жылқы
Фото:Дәулет Ізтілеу/Kazinform

«Жылқы етін жеп көргіміз келеді, себебі біздің елде жылқы етінен жасалатын тағам жоқ», - дейді ол.

Одан бөлек, Нидерландтан жеткен меймандар көкпар, көкбөрі және садақ ату ойындарын тамашалайтынын айтты.

Еске сала кетсек, Астана өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысушы елдер 10 спорт түрінен сынға түсті. 

Айта кетейік, 9 қыркүйектің қорытындысы бойынша Қазақстан медальдар кестесінде көш бастады. Кеше біздің спортшылар қоржынға 14 алтын, 3 күміс және 8 қола медаль салды. 

Соңғы жаңалықтар