Жылу апатына байланысты Павлодардағы лагерьде демалып жатқан 86 бала үйлеріне қайтты

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Балдәурен» балалар лагерінде демалып жатқан оқушылар жылу жүйесіндегі ақауға байланысты эвакуацияланды. Қалалық білім беру бөлімі ата-аналарға ақшаларын қайтарып береді.

Балдәурен
Фото: Сәуле Шәкенова

Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенова хабарлады.

- Лагерьдегі оқу корпусы, медициналық ғимараттың іші салқын. Балалар жататын корпустарда жылырақ, бірақ балалардың сөзінше ол түнде салқындап кетеді. «Балдәуренде» бұдан да басқа мәселелер бары анықталды. Корпустардың ішінде бояудың иісі қатты сезіледі. Ал балалар жуынатын жерде сұйық сабынның орнына қатты сабын қойылған. Диван бір бөлмеде ғана қойылған, оның өзі өте көне, ал өзге бөлмелерде жерге тек кілем төселген. Оның үстіне бұл жерде ұялы байланыс сапасы өте нашар, - дейді өңірлік омбудсмен. 

Белгілі болғандай, 7 желтоқсан күні таңертең «Балдәурен» лагеріндегі жылу желісінен ақау шығып, жылу қысымы төмендеп кеткен. Бұл жағдай өңірлік төтенше жағдайлар департаментінде тіркелді. 

Павлодар қаласының білім беру бөлімі лагерде демалған барлық 86 бала бүгінде үйлеріне қайтарылғанын мәлімдеді. Ал ата-аналарына пайдаланылмаған күндер үшін төлемақының бір бөлігі қайтарылатын болды.

Еске сала кетейік, елімізде оқушылардың қысқы каникулы 10 күнге созылады.

Соңғы жаңалықтар