Жылуға жауапты министрлер жиналыстарын қысқартып, жылу орталықтарын қадағаласын – депутат

Жылу беру жүйесіне бөлінген қаражаттың есебіне қатаң талдау жасалып, әрбір жемқор қатаң жазалануы керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

ерлан сайыров
Фото: Мәжіліс

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдында еліміздің тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Дегенмен, бірінші аяз түскенде еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 пайыздан асып кетті. Ал олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл - қауіпті жағдай. Былтырғы Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі. Соған қарамастан, біз жылына бұл салада тек 5-7 пайызға ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы бек мүмкін», - деді Е. Саиров Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.

Бұл тұрғыда ол былтыр ғана жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард теңге қаржы бөлінсе де, саладағы проблемаларға төтеп беру қиынға түсіп жатқанын айтты.

«Жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныс пен жүйелі сындар айтылды. Ұсыныс ретінде берілді. Бірақ, сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі көрмедік. Осылай тізіп кете беруге болады. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды күшейтуіміз керек», - деді депутат.

Бұл ретте Е. Саиров бірқатар ұсынысын жариялады.

«Осы орайда алдағы 3 ай қыс уақытында жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналыстарын қысқартып, жылу орталықтарының бас-қасында осындай аязды күндері жүруі керек. Екіншіден, 2022-2023 жылдары бөлінген қаражаттың есебіне қатаң талдау жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы керек. Үшіншіден, осы күндері өңірлердегі жедел штабтардың жұмысын «екі еселенген 24/7 режиміне» көшіру қажет. Төртіншіден, әкімдіктер мен Үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша «Тәуекел картасын» даярлап, олар бойынша нақты мақсатты алгоритм жоспарын даярлап қоюы тиіс», - деді Ерлан Саиров.

Соңғы жаңалықтар