Жылжымалы дәріхана: Өңірлерде қандай мәселелер ескерілуі керек
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазақстандағы дәрі-дәрмек нарығы жыл санап өсіп келе жатқанымен, шалғай ауылдардың халқын сапалы медициналық препаратпен қамтамасыз ету проблемасы әлі де шешілмей отыр. Мұны ескерген ел Үкіметі жуықта ауылдық ауылдар үшін жылжымалы дәріхана пункттерін іске асыру туралы заң жобасын жариялады. Жаңашылдықта қандай мәселелер ескерілуі керек?

Жылжымалы дәріхана — таңсық тәжірибе емес
Жылдың алғашқы 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстандағы дәрілік заттарды бөлшек саудада және стационарлық тұтыну көлемі 862 млрд теңге болған. «Қазақстан Республикасының фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы» ЗТБ мәліметінше, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 20,5%-ға артық.

Нақты түрде тұтыну 4,1%-ға — 454 млн пакетке дейін өсті. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша фармацевтика нарығының көлемі шамамен 950 млрд теңгені құрады. Оның 144,3 млрд теңгесі отандық өндіріске тиесілі.
Былтыр «СҚ-Фармация» ЖШС 437 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алған. Биыл бұл нарық 1 трлн теңгені межелеп қалады деген болжам бар.
Дейтұрғанмен, елімізде шалғайда орналасқан елді мекендерге медициналық препараттар жеткізу мәселесі өте өзекті тұр. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев жуықта жылжымалы дәріхана пункттерін іске асыру туралы заң жобасын жариялады. Мақсаты-ауылдық жерлердегі адамдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.
— Еліміздің климаты мен географиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ, өңірлердегі халық санының аздығы мен қашықтығын есепке алсақ, ауылда фармацевтикалық пункттің жеке бизнес тарапынан болуы аса ұтымды емес. Сондықтан бұл мәселе қазір біз үшін өзекті. Жылжымалы дәріхана пункттері бойынша жобаны іске асыру туралы заң жобасы деңгейінде ұсыныс дайындалуда. Бұл ең алдымен шалғайдағы ауылдық елді мекендерде сапалы дәрілік препараттардың болуы жөніндегі мәселені шешуге бағытталған. Осы мәселені шешу бойынша қосымша хабардар етеміз, -деді вице-министр.
Негізі көшпелі дәріханалар жүйесі Павлодар облысы үшін таңсық дүние емес. Сонау 2010 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, ауылдық жерлерде қосымша «шағын дәріханалар» ашу мүмкіндігі пайда болды.

Санитарлық нормаларға сәйкес, оған дейін дәріханалар ауданы 20 шаршы метрден кем болмайтын үй-жайларда орналасуы керек-тін. Ал алыс ауылдық жерлерде дәріхана ашу үшін ауданы бұдан екі есе шағын орындар сұралды. Облыс әкімдігі «көшпелі дәріханалар» ұйымдастыруды тапсырды.
Олар тұрғындардан түскен тапсырыс бойынша апта сайын ауылдарға шығып тұруы керек-тін әрі бұл жұмысқа жергілікті кәсіпкерлерді тарту ұйғарылды. Алайда бұл бастама шала-пұла жасалғандықтан, арада көп уақыт өтпей аяқсыз қалды.
Одан соң 2020 жылы әлемді жайлаған пандемия уақытында да ауылдарға жылжымалы дәріхана жүргізу ойластырылған. Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті бұл жұмысты да өндіре алмады. Себебі жоғарыдан нақты нұсқаулық пен белгілі бір қолдау іс-шаралары жүзеге аспады. Барлығы жергілікті әкімдіктерге телінгендіктен жоба тағы да орта жолда қалды.
Ендігі жерде бұл мәселе министрліктің арнайы заң жобасы шеңберінде шешілетін болса, аймақтарда қандай мәселелер ескерілуі керек?
Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Бұйрашевтың пікірінше, көшпелі дәріханалар ұйымдастыру туралы заң жобасы қабылданса, ауылдық жерлерге мобильді дәріханаларды шығаруға болады.
— Бұрын облыстағы жеке дәріхана ұйымдары шалғайдағы елді мекендерге жылжымалы дәріхана пункттерін ұйымдастырған. Кейінірек, рентабельділікке байланысты жылжымалы дәріхана пункттері барлық жерде жұмысын тоқтатты, өйткені бұл фармацевтикалық бизнес үшін тиімсіз болды. Түпкірде орналасқан, әсіресе, шекараның бойын қоныс еткен, халқы аз елді мекендерге дәрі-дәрмек жеткізу мәселесі әлі де өзекті. Жылжымалы дәріхана пункттері бойынша жобаны іске асыру шалғайдағы тұрғындардың сапалы дәрілік препараттарды кедергісіз сатып алуына қол жеткізу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Екіншіден, науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмекті уақтылы жеткізу де бір жақты етілетін еді деп ойлаймын. Мысал үшін Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету «Белгілі бір аурулары бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» 2021 жылғы 05 тамыздағы № 75 бұйрыққа сәйкес жүзеге асырылады. Биыл алғашқы 10 айда 172 395 пациент дәрілік препараттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік тамақпен қамтамасыз етілді. Ал былтыр мұндай мүмкіндікке 174 мыңнан астам адам ие болған. Бүгінгі күні амбулаториялық деңгейде ТМККК шеңберінде 54 ауру бойынша, МӘМС жүйесінде 127 ауру бойынша пациенттер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізбесіне дәрілік заттардың 626 позициясы енгізілген. Республикалық бюджет шеңберінде облысқа 12,8 млрд теңге бөлінсе, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 215,7 млн теңге сомасына қосымша өтінімдер қосты, -дейді ол.
Павлодар облысында 100-ге жуық ауыл қамтылмаған
Павлодар облысындағы 10 ауданда 350-ден астам ауылдық елді мекен бар. Аумақта барлығы 7 дистрибьютор (көтерме қоймалар), 279 дәріхана (барлығы жеке меншік қолында) қызмет көрсетеді. Дәріханалардың тек 22-сі ғана ауылдық жерде орналасқан.
Бұған қоса өңірде 154 дәріхана пункті ұйымдастырылса, оның 136-сы ауылдық жерлерде жұмыс істеп тұр. Тағы бір ескеретін жағдай, дәріхана пункттері медициналық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда ғана ашылады. 261 ауылдық елді мекенде дәріханалар мен дәріхана пункттерінен бөлек, 74 медпункт, 41 отбасылық дәрігерлік амбулатория, 20 фельдшерлік-акушерлік пункт бар.
Олар арқылы да ауыл халқын дәрілік қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Аталған статистикалық деректерге сүйенер болсақ, облыста әлі де 100-ге жуық шағын ауылдарға дәрі-дәрмекті тұрақты жеткізу жолға қойылмаған.

— Біздің Желтау ауылы облыс орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан. Ауылымызда дәріхана жоқ. Округ орталығындағы медициналық пунктте қажетті дәрі-дәрмек табыла бермейді. Амалсыздан 80 шақырым жердегі аудан орталығы — Баянауылға баруға тура келеді. Байқайтыным, аудандағы дәрі-дәрмек бағасы қалалы жерлермен салыстырғанда қымбаттырақ. Сондықтан дәріні көбіне қаладан алғызамыз. Ауылды жердегі адамдардың табысы қаладағылардан анағұрлым аз екенін ескерген абзал. Кейде үлкендеріміз немесе ұсақ балалар ауырып, қызу түсіретін немесе қан қысымын реттейтін препараттар тапшы болып қалады. Сондай сәтте қатты қиналамыз. Мынау көрші Қарағанды облысында әлеуметтік көшпелі дәріханалар жұмыс істеп тұр деп естиміз. Өкінішке қарай, ондай жаңашылдықтар бізге жетпей тұр, -деп қынжылады Баянауыл ауданы Желтау ауылының тұрғыны Мәдина Жанатова.
Мұндай мәселелер ауылдары қашық орналасқан Железин, Ертіс, Май, Ақтоғай, Екібастұз, Тереңкөл аумақтарында айрықша байқалады.
Тасымал шығыны дотациялануы керек
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай келешекте пайда болатын жылжымалы дәріханалардың тасымалын ұйымдастыруға қатысты жергілікті әкімдіктер дотациялар бөлуі керек деп есептейді.
— Ауыл халқы сапалы медициналық қызмет тұрғысынан аз қамтылған. Ауыл адамдары экологиялық тұрғыдан таза тағамдар жейді, таза ауада өмір сүреді деген қасаң қағида әлі де қалыптасып отыр. Бүгінде аудандарда халықтың аурушаңдығы көбейіп келеді. Медициналық препараттардың қолжетімсіздігі ауылдық жерлерді таңдап барған жас мамандарға да қиындық тудырып отыр. Сондықтан министрліктің бұл бастамасы құптауға тұрарлық. Екінші ескеретін мәселе, бұл жүйеге тамыр-таныс арқылы өзге делдалдардың кіріп кетуіне жол бермеу. Шалғай елді мекендердің тұрғындары дәрі-дәрмек бағасына қатысты көп шағым айтады. Субъектілер тарапынан үстемеақы тым өсіріліп қояды. Жауапты органдардың бұл тарапта бағаны реттеуі, бақылауы аса өзекті болады. Үшіншіден, жылжымалы дәріханалардың жұмысын уақыт тұрғысынан реттеу. Бұрын бала кезімізде шалғай ауылдарға белгілі бір уақыт сайын пошта машинасы барып тұратын. Сол сияқты ауыл адамдары өз елді мекендеріне мобильді дәріханалардың қай күні, қай мезгілде келетінін алдын ала біліп отыратындай кестелер құрылуы керек. Соңғысы, тасымалдау шығындары дәрі-дәрмек бағасына әсер етпеуі тиіс. Бұл үшін ауылдарға жол шығыны алдын ала есептеліп, оны жергілікті бюджеттер көтеруі керек деп ойлаймын. Мысалы еліміздің оңтүстік өңірлерінде халық тығыз орналасқан, есесіне ол жерлерде дәріханалар баршылық. Ал теріскейдегі Павлодар, Петропавл, Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан сияқты облыстардағы кейбір ауылдардың шалғайлығы 300-400 шақырымды құрайды. Соған орай тасымал шығынын республикалық ортақ тарифпен белгілеу мүмкін емес. Аумақтар субсидиялауды өз аумақтық ерекшеліктеріне қарай жүзеге асырса құп. Бұл облыстардың бюджетіне көп салмақ салмайды, — дейді депутат.

Ал жергілікті дәріханалардың ірі желісін ұстап отырған «Глория-Фарм» ЖШС өкілі Наталья Иванова жоба тиімді болса кәсіпкерлер қатысуға мүдделі дейді.
— Медициналық препараттарды сақтау, тасымалдау өте шығынды дер едім. Кейбір заттарды мұздатқышта ұстауға тура келсе, енді біріне қалыпты температура қажет. Оның үстіне дәрі-дәрмектердің дозасы, мөлшері, рецепт бойынша әзірленгендерінің жарамдылығы бойынша да талаптар бар. Бұған қоса көлік жүргізуші мен фармацевт қызметіне жеке төленуі керек қой. Осының барлығы заң жобасында детальді түрде көрсетіледі деп ойлаймын. Дәріхана ұстау — шығынды бизнес. Әзірше бізге жаңа жоба туралы түсіндірілген жоқ, — дейді ол.
Шекті баға қалай бақыланады?
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Ботагөз Сыздықованың сөзінше, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 245-бабына сәйкес, бағаны мемлекеттік реттеу бағалық реттеуге жататын дәрілік заттардың тізбесіне енгізілген. Реттеу ел аумағында тіркелген, айналымдағы көтерме және бөлшек саудада сатуға арналған дәрілік заттарға байланысты жүзеге асады.
Сондай-ақ ол уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға да қолданылады.
Мұндай тізімге енгізілген дәрілік заттарды шекті бағасыз көтерме және бөлшек саудада сатуға тыйым салынған. Бұл тізбеге дәрілік заттардың 6 890 сауда атауы кіреді. Ал жалпы Қазақстанда дәрілік заттардың 9 мыңнан астам атауы тіркелген7
— Дәрілік заттарға белгіленген шекті бағаның артуы — әкімшілік құқық бұзу деп ұғу керек. Оның соңы әкімшілік айыппұл салуға соқтырады. Бірақ біздің департамент кейбір ауылдық жерлердегі дәрі-дәрмек нарығынан бейхабар болуы мүмкін. Адамдар дәрі бағасын тексергісі келсе, DariKZ мобильді қосымшасының көмегін пайдалана алады. Онда тізімге енетін дәрі-дәрмек атаулары көрсетілген. Егер белгілі бір дәрі-дәрмектің құны рұқсат етілген шекті бағадан асып кетсе, дәріханаға шағым түсіре алады. Сондай-ақ, осы қосымшада ел аумағында тіркелген дәрілік заттар туралы ақпаратты көруге болады. Оларды тіркеу куәлігінің нөмірі, қолданылу мерзімі, сапа сертификаты, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық, дәрі-дәрмектің жанама әсері пайда болған жағдайда өтініш жазып, сары картаны толтыру қарастырылған. Мұны айтып отырғаным, ауылдық жерлердегі тұрғындар дәріханалардың қызмет сапасы артсын десе, оларға қойылатын талаптардың орындалып отырғандарына көздерін жеткізулері керек. Бұл келешекте пайда болатын жылжымалы дәріханаларға да қатысты, -деп түсіндірді Ботагөз Сыздықова.

Дәріханаларға тән ортақ талаптар
Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі № 104 бұйрығына сүйенсек, дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді бөлшек саудада өткізуді дәріханалар, дәріхана пункттері және жылжымалы дәріхана пунктері жүзеге асыра алады.
Бұған дейін Павлодар облысында жылжымалы дәріхана пункттері арқылы бөлшек саудада сатуға лицензия алған жеке субъектілер болған. Бірақ бұл бизнесті жүргізу тиімсіз болғандықтан ол кәсіпкерліктерден алынып қойылған.
Ботагөз Сыздықованың айтуынша, дәрілік заттар мен медициналық өнімдерді бөлшек саудада өткізу белгілі бір шарттарды сақтай отырып жүзеге асырылады.
Атап айтқанда:
- тиісті үй-жайдың, жабдықтардың болуы;
- «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 250-бабы, 1-тармағына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды олардың қауіпсіздігін, тиімділігі мен сапасын сақтауды қамтамасыз ететін жағдайларда сақтау және тасымалдау;
- Кодекстің 241-бабына сәйкес, белгіленген тәртіппен сапаны бағалаудан өткен, тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды фармацевтикалық қызметке лицензиясы бар не рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңда белгіленген тәртіппен қызметінің басталғаны туралы хабардар еткен субъектілерден сатып алу;
- Кодекстің 7-бабы 44-тармақшасына сәйкес, белгіленген тәртіппен сапаны бағалаудан өткен, тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар медициналық қызметке лицензиясы бар немесе рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңда белгіленген тәртіппен жеке медициналық практикамен айналысатын тұрғындарға, жеке тұлғаларға, сондай-ақ жеке медициналық практикамен айналысатын өзге де ұйымдарға рецептсіз берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізілімі.
Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 424-бабында фармацевтикалық қызмет қағидаларын және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы саласын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан департамент басшысы жоғарыдағы талаптар жылжымалы дәріханаларды ұйымдастыру барысында қатаң ескерілуі керек деп есептейді.
Түйіндей айтқанда, бұл бастаманы ауыл халқы қолдап отыр. Ұлт саулығы жақсы болса ғана қоғам орнықты дамиды. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмесі анық.
Басқасын былай қойғанда, қант диабеті сияқты созылмалы ауруларға тегін берілетін дәрі-дәрмекті уақытында жеткізу проблемасы жылжымалы дәріханалардың арқасында шешілетін күн туа ма?
