Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры бойынша 100 млн өтінім түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесі іске қосылғалы 1,5 жылдан бері ақпарат алу үшін 100 млн-ға жуық сұраныс өңделді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, платформа қазақстандықтар үшін күннен-күнге қолайлы әрі танымал болып келеді.
Жеке тұлғаларда жылжымайтын мүліктің жоқтығы туралы 44 млн анықтама берілді, бұл сұраныс мөлшері бойынша көш басында.
Корпорация мәліметі бойынша 2023 жылдың 1 шілдесінде енгізілген аталмыш кадастр жүйесі жер және құқықтық кадастрлық деректерді біріктіру арқылы жылжымайтын мүлік және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді алу процесін қарапайым әрі ыңғайлы етті.
Бүгінгі таңда жылжымайтын мүлік бойынша 8 және жер кадастры бойынша 4 қызмет көрсетіледі. Оның ішінде — құқық белгілейтін құжаттардың, техникалық төлқұжаттың, жер учаскесінің кадастрлық паспортының телнұсқаларын алу, сондай-ақ мемлекеттік кадастрлық картаға цифрлық ипотеканы тіркеу.
Жылжымайтын мүлікке техникалық құжат пен жер учаскесі актісін бір құжатқа, яғни кадастрлық төлқұжатқа біріктіру негізгі өзгерістің біріне айналды. Жүйе іске қосылғаннан бері мұндай 813 716 төлқұжат берілді.
— Кадастрдың заманауи цифрлық экожүйесі екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары және платформаларымен интеграциялануы арқылы қолжетімділікті қамтамасыз етті. Айта кету керек, кадастр еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болып саналып, азаматтарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, — деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандықтардың мемлекеттік қызметті үйден шықпай ала алатынын жазған болатынбыз.