Жинақтаушы зейнетақы жүйесінде қандай жаңалықтар бар?

Қор көрсеткіштері тұрақтылық пен сенімділіктің дәлелі болуда: төлемдер төленіп жатыр, зейнеткерлер өздері жинаған ақшасын алып жатыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған зейнетақы активтері 6,5 триллион теңгеден асады, ал инвестициялық табыс көлемі 9 айдың ішінде ғана 432 миллиард теңгеден асты. «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Сәуле ДҮЙСЕНОВА Қордың ондаған жылдарға жетерлік орнықтылық жинақтағанын айтады.
- Сәуле Сағынтайқызы, жақында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының операциялық залында болдым. Келушілер көп болса да, әбігерге түсіп жүрген немесе күйгелектікке салынып жүрген адамдарды көрмедік. Келушілер өз мәселелерін жедел түрде, сонымен қатар сабырмен шешіп, зейнеткерлік құжаттарын қолма-қол рәсімдеп жатқандарын байқадық. Алматыдағы кеңселер ғана осылай жұмыс істей ме, әлде қызмет көрсетудің жаңа стандарты еліміздің барлық аймақтарына таралған ба?
- Қызмет көрсету уақыты, құжатты рәсімдеу мен жабдықтау, мамандардың біліктілігі сияқты стандарттар біздің кеңселеріміздің барлығына бірдей таралған. Бүкіл еліміз бойынша жүйе осылай жұмыс жасайды. Сондай-ақ клиенттерден қызмет көрсету дәрежесіне міндетті түрде баға берулерін өтінеміз. Бұл мәліметтер жинақталып, қызмет көрсету және сапаны бақылау департаментінде автоматты түрде өңделеді. Әзірге клиенттердің берген бағасы стандарттар өлшеуіші болып отыр, әйтсе де алдағы уақытта біз мұны жер-жерде қызметкерлердің еңбекақысын төлеу барысында жаппай ескереміз деп жоспарлап отырмыз.
Қазір бізде республика бойынша 232 бөлім жұмыс істеуде. Көптеген бөлімдерде - әзірге ірі қалаларда, облыс орталықтарында және Степногор, Лисаков, Рудный, Семей сияқты қалаларда бейнебайланыс және бақылау жүйесі орын алған.
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылғанына үш-ақ жыл болғанын, қордың қызметі мен шығындары қатаң тәртіпке салынып, бақылауға алынғанын ескеретін болсақ, қордың техникалық және ақпараттық базасын жетілдіру үшін қаржы қайдан алынды?
- БЖЗҚ құрылғаннан кейін, шынымен, көп нәрсені жаңартып, жетілдіруге тура келді. Жеке жинақтаушы зейнетақы қорларын біріктіргеннен кейін, олардың әрқайсысы өз бағдарламалары бойынша жұмыс істейтінін және жұмыс істеу тәсілдері бір-біріне ұқсамайтынын байқадық. Біз жалпы тәжірибеден ең үздіктерін таңдадық. Осылайша, бағдарламалық өнім бізге Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорынан қалды. Қолымызға тиген мұраны жаңартып, сонымен қатар халыққа қызмет көрсетудің басқа да түрлерін жетілдіріп жатырмыз.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылғаннан кейін әкімшілік шығындар айтарлықтай азайды. 2014 жылы Қордың комиссиялық сыйақысын бұрынғысынан екі есе қысқарту туралы шешім қабылданды: яғни, инвестициялық табыстың 15 пайызынан 7,5 пайызына және айына зейнетақы активтерінің 0,05 пайызынан 0,025 пайызына қысқартылды. Содан кейін комиссиялық сыйақы тағы да инвестициялық табыстың 30 пайызына және зейнетақы активтерінің 10 пайызына төмендетілді.
- Кеңселеріңізге халық көп келе ме? Көптеген адамдар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына халық жеке зейнетақы шотын ашуға және зейнетке шығуына байланысты құжаттарын рәсімдеуге ғана келеді деп ойлайды...
- Жыл сайын, қаңтар айында және ақпанның алғашқы күндері халық мұнда көптеп келеді. Алматы мен Астана қалаларындағы ірі кеңселерімізге келетін адамдардың саны 3000 - 4000-ға жетеді. Бұл айларда салымшылар өздерінің жеке зейнетақы шоттарының жай-күйін білу үшін үзінді-көшірме алуға келеді. Кейін күнделікті келушілер саны 1000 - 1500 адамға дейін азаяды.
Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу жыл бойы ағымдағы тәртіп бойынша жүріп жатады. Бұл рәсім барынша жеңілдетілген және аз уақыт алады. Адамның талап қойылған жасы жеткен кезде, қордан зейнетақы төлемдерін рәсімдеу үшін салымшының жеке басының куәлігі мен банктегі есепшотының нөмірі болса жеткілікті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиісті құжаттар өткізілгеннен кейін берілуі тиіс сома зейнеткердің банктегі есепшотына 10 күнге жетпей-ақ түседі.
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру көп талас тудырған мәселелердің бірі болды. Үш жыл өткеннен кейін жеке қорлармен салыстырғандағы оның тиімділігі жөнінде айтуға бола ма?
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімділігін дәлелдейтін көрсеткіштер бар. 2013 жылы кірістілік 2,2 % болса, 2015 жылы құнсыздану 13,6 %-ды құраған кезде, біздің кірістілігіміз 15,65 % болды.
Жүйені көлемді түрде автоматтандыру жүзеге асырылды. Тұрғындарға ақпарат берудің жаңа тәсілдері енгізілді. Адамдар енді өздерінің зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы мәліметтер жазылған конвертті бір жыл бойы күтпейді. Қазір әрбір адам кез келген уақытта біздің www.enpf.kz сайтымыз арқылы немесе ENPF ұялы қосымшасының көмегімен өзінің жеке зейнетақы шотын бақылай алады. Айта кететін жағдай, 2016 жылдың 1 қазанына дейін бұл тәсілді 2,3 миллион адам таңдаған болатын. Сондай-ақ 214 мыңға жуық адамның электронды мекенжайына үзінді көшірме жіберіліп отырады. Осындай адамдар саны көбеюде. Ұялы қосымшаны жүктеп алғандар саны 357 мыңнан асты. Осылайша, қазір 2,5 миллионнан астам адам, яғни әрбір төртінші салымшы электрондық тәсілмен ақпарат алып отырады, осының барлығы жүйені басқару шығыстарын азайтуға мүмкіндік берді.
Бұдан басқа да артықшылықтары бар. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру салымшылардың бірыңғай базасын жасауға мүмкіндік берді. Осының негізінде жоғары дәрежедегі параметрлік мәліметтерге мониторинг және сараптау жүргізіп, еліміздегі жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамытудың жаңа бағыттарын айқындауға болады.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілетін шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тұжырымдамасын дайындауда біздің Актуарлық орталықтың есептері негізге алынды.
- Күмәншілдер мен ұрысқақтар болған, бар және болады да. Соған қарамастан, жалпы алғанда, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қатысты адамдардың көңіл-күйлерінде өзгерістер байқала ма?
- Бұл жүйеге сенімсіздікпен қарайтын адамдар саны азайған. Біз адамдарды бұл жүйемен «достастыру» мақсатында жүйені қолжетімді, түсінікті, сенім тудыратындай ету үшін көп жұмыс жасап жатырмыз. Сенімсіздік, ең алдымен, түсінбегендіктен туындайды. Біз зейнетақы жүйесінің барлық қырларын түсіндіруге барынша тырысып жатырмыз. Мәселен, біз республикалық телеарналармен бірлесіп жұмыс жасаудамыз: 24.kz телеарнасында «Зейнет.кз», ал «Қазақстан» телеарнасында «Бейнет түбі - зейнет» деп аталатын ақпараттық-түсіндіру, танымдық бағдарламалары апта сайын көрсетіледі. Біз білім беру бағдарламаларымен оқу орындарына барып тұрамыз. Қордың ресми веб-сайты адамдардың тез түсініп алуына бейімдетіліп жасалынған, онда арнайы үйретуге арналған бөлімдер бар. Сондай-ақ онда, біздің ойымызша, жақсы деп бағалауға болатын «Зейнетақы калькуляторы» деген құрал бар, оның көмегімен кез келген адам болашақта өзі алатын зейнетақы мөлшерін шамалап есептеп біле алады. Біз жаңа пішімдер мен құралдарды қолдануға күш салып жатырмыз. Жақында зейнетақы жүйесінің негізгі мәселелері туралы қысқа метражды ақпараттық фильм көрсететін боламыз.
Әйтсе де барлық мәселелер шешіле қойған жоқ: Қазақстанда жұмыс істейтін халық саны - 9 миллионға жуық адам, бірақ зейнетақы жарнасын жүйелі түрде төлеп отыратындар саны - 6,4 миллионнан сәл ғана асады. Сондықтан еңбекке жарамды, жұмыс істейтін, бірақ ресми түрде тіркелмеген және зейнетақы қорына ақша аудармайтын азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту - қордың және жалпы мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі. Біз зейнетақы жүйесіне белсенді түрде араласу арқылы әрбір адам мемлекетпен және алдағы уақытта жұмыс берушісімен бірге өзінің зейнетақы активін жасап, өзіне тиімді әрі мүдделі әрекет ететінін әрбір адамға жеткізгіміз келеді.
- Көптеген адамдар қаржылық тұрақсыздықтан қауіптенеді. Қорға қанша ақша түсіп тұрса, төлем де сондай мөлшерде болып қалуы мүмкін ғой?! Мұндай күдіктердің болуын түсінуге болады: 90-шы жылдары қаншама төлемдер өтелмей қалды, депозиттер құнсызданып кетті, зейнетақылар да төленбей қалған болатын...
- Ортақ және жинақтаушы зейнетақы жүйелерінің арасында бірқатар түбегейлі айырмашылықтар бар. Ортақ зейнетақы жүйесінде жұмыс істейтін азаматтар зейнетке шыққан зейнеткерлерді зейнетақы төлемімен қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда мұның 1998 жылға дейін еңбек өтілі бар адамдарға қатысы бар. Оларға зейнетақы бюджеттен төленеді. Біртіндеп бұл құрамдауыш жүйеден шығады. Сол кезде тәуекел де жойылады.
Ал жинақтаушы жүйеде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының әрбір салымшысы өзінің жеке зейнетақы шотына ақша аударып отырады, ол дербес түрде есептелінеді және салымшы зейнет жасына жеткен кезде, зейнетақы төлемдері оның өзінің зейнетақы жинағы есебінен төленетін болады. Салымшы қанша сома жинаса, сонша ақша алады. Сондықтан да демографиялық жағдай салымшының зейнетақы төлемдеріне әсер етпейтін болады.