Жыныс ауыстыруға қарсы заң: АҚШ соты шешім қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Жоғарғы соты Теннесси штатында қабылданған, кәмелетке толмағандарға жынысын ауыстыру процесінде медициналық көмек көрсетуді шектейтін заңды қолдады. Тоғыз судьяның алтауы бұл заңды кемсітушілікке жатпайды әрі АҚШ Конституциясын бұзбайды деп таныды. Бұл туралы Euronews жазды.

Аталған заң дәрігерлерге жыныстық жетілуді тоқтататын дәрі-дәрмектер жазуға, гормоналды терапия ұсынуға немесе психологиялық ауытқуларды емдеу үшін хирургиялық операциялар жасауға тыйым салады.
Мұнда жыныстық сәйкессіздіктен (гендерлік дисфория) зардап шегетін адамдар туралы айтылып отыр — бұл адам өзінің жыныстық сәйкестігі мен туған кездегі биологиялық жынысы арасында үйлеспеушілік сезінетін жағдай.
Заңда туа біткен ақауларды, физикалық жарақаттарды немесе жыныстық сәйкессіздікке қатысы жоқ ауруларды емдеуге рұқсат етіледі.
Судьялар алқасындағы үш адам бұл шешімді сынға алды. Судья Соня Сотомайор бұл шешім трансгендер балалар мен олардың отбасыларын саяси шешімдердің еркіне тастап қойғанын атап өтті.
Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп қызметке кіріскеннен кейін елде тек әйел және ер жынысын ғана мойындайтын жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ ол трансгендер спортшы қыздарға әйелдер жарысына қатысуға, ал трансгендер әскери қызметкерлерге әскер қатарында қызмет етуге тыйым салды.
Венгрия Парламенті де тек екі жынысты мойындау туралы заңды мақұлдаған болатын.