ЖИ саласындағы көшбасшы елдер Қазақстанды өз клиентіне айналдырғысы келеді — Хенрик фон Шейл
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік экономикалық форумның сарапшысы, Еуропалық Одақтың Жасанды интеллект туралы заңын әзірлеушілер тобының мүшесі Хенрик фон Шейл жасанды интеллектіні дамытуға арналған парламенттік тыңдауда Қазақстанның ЖИ саласындағы беталысына баға берді.

— Жасанды интеллектінің эволюциясы 2030 жылға қарай болатын революцияға әкеле жатыр. Қазір бәріміз Open AI арқылы АҚШ қалай жұмыс істеп жатқанын, Қытай бұл саланы қалай дамытып жатқанын көріп отырмыз. Олар сіздерге өнімін сатуға талпынып жатыр. Сіздерді өз клиенті еткісі келеді, ақпараттарыңызды пайдаланып отыр, — деді ол.
Халықаралық сарапшы Мәжіліс жуықта ғана қабылдаған ЖИ туралы заң осындай тенденцияларға лайықты жауап болғанын айтады.
— Мен жасанды интеллект туралы әзірлеген заңдарыңыз осы тұрғыдан алғанда үлкен рөл ойнайды деп есептеймін. Өйткені сіздер өз азаматтарыңызды, мемлекеттеріңізді қорғауда осындай заң әзірлеу арқылы алғашқы қадамды жасадыңыздар. Бұл әрі қарай жылжуға іргетас бола алады, — деді Хенрик фон Шейл.
Бұған дейін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жаңа логотипін таныстырғанын жазған едік.