11:41, 19 Ақпан 2009 | GMT +5
Жітіқара ауданы биыл 230 мың гектар алқапқа егін егуді жоспарлап отыр
АСТАНА. Ақпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Қостанай облысы, Жітіқара ауданының әкімі Қуандық Испергенов Мәжіліс депутаттарына ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы бір қалыпты екенін, ет, сүт өнімдері қымбаттамағанын, тұрғындардың тұрмысы бір деңгейде сақталып отырғанын жеткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жітіқара ауданының көршілес жатқан Ресейдің аудандарымен қарым-қатынастары жоғары деңгейде. Бұл екі елдің арасындағы сауда-экономикалық байланыстың арта түсуіне оң ықпалын тигізуде. Жітіқара ауданында бір кездері егістік алқабы 128 мың гектарға дейін қысқарған болатын. Мысалы, аудан 1955 жылы 66 мың гектарға егін егіпті. Соңғы жылдары егістік көлемі арта түсуде. Өткен жылы 203 мың алқаптың бидайы өндірілген болса, биыл аудан 230 мың алқапқа егін егуді жоспарлап отыр. «Өткен жылы, жалпы алғанда, өнім гектарына 8 центнерден келді. Кейбір алқаптарда 14 центнерден де өнім алынды. Биыл аудан көктемгі егіске жан-жақты дайын. 1999 жылы егін өнімі гектарына 15 центнерден келген еді. Жалпы, 9-дан аяқталған жылдар мол өнім жиналатынын ескерсек, биыл да үмітіміз зор»,- деді Жітіқара ауданының әкімі Қуандық Испергенов.Бүгінгі таңда аталған аудан бойынша бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысына және зейнетақыға ай сайын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің беретін еңбекақысы, басқа да табыс көздері есептемегенде 600 млн теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.