Жиырма сегізінші жылдары шетелге қашып кеткен нағашыларымнан бір дерек шықса деп армандаймын - ұстаз Ш. Жұмағазиева

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өзінің айтуынша, ұстаз бұл құпиясын көпке дейін ешкімге білдірмепті. Тіпті жары, белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, аталмыш институтта кафедра меңгерушісі сынды лауазымды қызметтер атқарған Ұлы Отан соғысының ардагері Зейнолла Аманғалиевке де 1987 жылға дейін тіс жармапты.
- Біздің ата-бабаларымыз төңкеріске дейін Астрахан облысы Теңіз ауданын мекендепті. Осы арада малы мыңғырған Шынтай деген бай, оның көзі ашық, көкірегі ояу Қайыржан, Мұхамбет, Махмет деген балалары болған. Олармен көршілес Бимен, Құлман деген шағын шаруасы бар ағайынды жігіттер тұрған. Менің әкем Жұмағазы Бименнен тараса, кейін Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Кәлимолла Құлманның Ізтелеуінен өрбіген. Рулары - Адайдың Кеңшалбары, - деп бастады әңгімесін зейнеткер-ұстаз.
Қайыржан мен Жұмағазы бір мезгілде үйленіп, отау көтереді. Менің әкем сол төңірекке аты мәлім Әлжан молданың қызы Ақзибамен ( руы - Адайдың Тәзікесі ) бас біріктіреді. Әлжан жай молда емес, Арабияда оқыған, Мекке, Мәдинаға барып қайтқан білімдар кісі болыпты. Қызы Ақзиба да бұдан құр алақан емес-ті.
Қайыржан мен Жұмағазының бір-біріне сенгендігі сондай, бір шаңырақ астында күн кешкен, ауылдағы әр отбасыға бағуға бөліп берген малдың есебін әкем жүргізсе, дастархан билігі анама берілген. Өйткені Қайыржан әкемнен бір-екі жас кіші болғандықтан, анамды «жеңге» деп кеткен. Сол Қайыржан, заман ағысын сезсе керек, 1925 жылы бір сапардан оралып келіп:
-Ал, Жұмеке, бұл жерден шағын ғана малмен ағайынды екі жігіт болып Нарын құмына көшеміз, - дейді. Әкем шошып кетеді, бүкіл ағайын-тумасы, қайынжұрты осында, қайда барады. Бірақ Қайыржан: «Баяғыдан бір отбасындай болып бірге тұрған мені қалай жалғыз жібересің?» деп көндіреді. Сөйтіп бұлар қазіргі Хан ордасынан он сегіз шақырымдай Ауызашық деген жердегі бұрын правитель болған Қарағаев Жұмағалидың қыстауына келіп, киіз үй тігіп, орналасады. Мұның себебі Қайыржан Жұмағалимен құда екен. Інісі Мұхамбет Жұмағалидың үлкен қызы Мәдинаға үйленген. Жұмағали Кеңес өкіметінен қашып жүріп, қайтыс болған. Оның Мәдинадан кейінгі қыздары Фатиха, Қапияны жездесі Мұхамбет қамқорлаған. Ташкентте бір өзбек отбасына паналатқан. Фатиха Жұмағалиева осында білім алып, кейін медицина ғылымдарының докторы, үлкен ғалым болды. Ері, жаңақалалық Махмұд Сапарғалиев Қазақстан сауда министрі сынды лауазымды қызметтер атқарды.
- Мен осы Жұмағали қыстауында 1926 жылы дүниеге келіппін, - деп жалғады әңгімесін Шәнда апай - Содан кейін 1928 жылы бай-молдаларды тәркілеу басталғаны белгілі. Бір күні азық-түлікке Ордаға кеткен анам: «Ата-анамнан, барлық туысқанымнан тірілей айырылдым», деп жылап-еңіреп оралды. Сөйтсе, сол кезде он тоғыз жасқа келген інісі Ордаға келіп, апасын іздеп, таба алмай, үш күн қонып кетіпті. Бар айтқаны: «Біз отбасы, бар туысқанымызбен шетелге, мұсылмандар арасына қашып барамыз. Ең болмаса әпкемді ақтық рет көре алмадым-ау». Анама басу айтқан Қайыржан сол ағайындарды мүлдем ұмыту, ол жақтан көшіп келгенімізді ешкімге айтпау қажеттігін қатаң ескертті. Тіпті үш жасқа толмаған маған да үйдегілер: «Біреу сұраса, анам жылаған жоқ деп айт», деп үйретіп қойды. Бір күні Қайыржандікінде бізбен бірге тұратын Мұхамбеттің ұлы Мұхтар жоқ болып шықты. Оны Ордада тұратын әкесі алып кетіпті (үш тіл білетін Мұхамбет Саратов облысы Энгельс қаласында он төрт жыл тұрып, сонда француз тілінен дәріс берген, Мұхтар да немісшеге судай болып шыққан ). Көп ұзамай Қайыржанның үй-іші де бас сауғалап, біз қалың құмның ортасында жалғыз қалдық. Мешітқұмға көшіп, «Өркен» колхозына мүше болып кірдік. Ағам Исләм домбырашы әрі құралайды көзге атқан мерген еді. Аштық жылдары қоян аулап, бір ауылды асырап тұрды. Қайран ағам Сталинград майданында арманда кетті. Олай дейтінім, кейін онымен бірге болып, қос аяғын беріп оралған ордалық майдангер Мамыттың үйімізге келіп: «Қару жетіспегендіктен, жауға құр қол шауып мерт болды, мылтығы болғанда, жастығын ала өлетін еді» деп егілгені есімде. Кіші ағам Шайқы да қан майданнан оралмады. Апам Хансұлу Мешітқұмдағы колхоз басқармасының төрағасы Кәрім Мусинге тұрмысқа шығып еді. Кейін Кәрім «халық жауы» ретінде айдалып, апамның басына қара бұлт төнді. Ақыры оны да түрмеге қамады. Ауыл белсенділері бес уақыт намазын тастамайтын анамды аңдумен болды. Әйтеуір ол ешкімге ұсталмағанымен, бар қайғы-қасіретін көкірегінде сақтап, 1976 жылы дүниеден озды. Өзім қызметке орналасарда немесе жарым басқа жұмысқа ауысарда өмірбаян парағын толтырарда «Тума-туыстардан шетелде тұрып жатқаны бар ма?» деген сұрақ ылғи алдымнан шығып, селк ете түсетінмін. Нағашыларымның шетел ауғанын жасырмасам, ешкім жұмысқа алмайды. Ал құпиям ашылса, бәрі бітті дей бер. Алматыдан ҚазМУ-де Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев сынды майталмандардан дәріс алып, 1948 жылы Орал педагогикалық институтына жұмысқа келгенде, алдымнан осында оқытушы болып жұмыс жасайтын Қайыржанның ұлы Ғафар шықпасы бар ма. Алматыда Махмұд Сапарғалиев пен Фатиханың үйінде Мұхамбеттің ұлы Мұхтарды көргенде де, кейін Атырауда құпияның тағы бір куәгері Шынтаев Махметті кездестіргенде де, қатты қуыстанғанмын. Не керек, арада алпыс жыл өткенде, алғаш сырымды Зейноллаға аштым. Жарықтық жайлы кісі еді ғой, еш кінә артқан жоқ. Ендігі арманым - нағашыларымның бір дерегін білу. Олар Түркия не Араб елдерінің біріне кетті деп шамалаймын. Таяуда теледидардан «Каспий жағалауынан көшіп, Иранға қоныстанған адайлардың ел деп еңірегенде, етегі жасқа толады» деген сөзді естіп қалдым. Мәскеуден таралатын «Күт мені» хабарына да бергіздім. Әзірге еш сыбыс жоқ.
Шәнда Жұмағазықызының тағы бір қыры күйшілік дарыны болатын. Ағаларына еліктеп, бес жасынан домбыра ұстаған оның балауса таланты қазіргі Жәңгір хан атындағы Орда орта мектебінде білім алып жүргенде-ақ байқалған еді. Кейін Алматыда өткен республикалық байқауда Дина Нұрпейісовадан кейін екінші орын алып, академик Ахмет Жұбанов консерваторияға шақырғанымен, қос ағасынан бірдей «қара қағаз» келіп, одан бас тартты. Немере ағасы, 1941 жылғы маусымның 22-сінде Зейнолла Аманғалиев секілді жауды шекарада алғаш қарсы алған Кәлимолла Құлмановтың дерегін де іздестіріп, кейінгі жылдары білді. Барановичи ауданында 1941 жылғы шілденің 7-сінде жаралы күйінде тұтқынға түскен жауынгерге бір жылдан кейін Польша жерінен топырақ бұйырыпты. Оның отбасынан да көз жазып қалды.
- Кеңес дәуірінен қалған кеудемдегі өксікті өзіммен бірге алып кетпейін деп айтып отырмын. Біздің басымызға төнген қауіп-қатердің қандай болғанын ұрпақтарымыз сезінсін. Білсін. Елбасымыз бастаған тәуелсіз еліміз аман болсын, - деп түйіндеді ойын ұстаз-ана.