Жиырма жылдық ынтымақтастық баянды байланыстармен ұштасып отыр - Апталық шолу

Ендеше биыл Қазақ елінің көптеген мемелкеттермен дипломатиялық байланыс орнатқанына 20 жыл толып отыр. Ал осынау халықаралық қауымдастық ішінде қазаққа етене жақын екі ел бар. Оның бірі - түбі бір, діні мен ділі бір Түркия болса, екіншісі тарих-талайымыз ортақ, теріскей көршілесіміз Ресей. Осы аптада Мемлекет басшысы Н. Назарбаев алдымен көршілес Ресейде жұмыс сапарымен, сосын бауырлас ел Түркияда ресми сапармен болды.
Қазақстан-Ресей: 20 жылда сауда-экономикалық байланыс 20 миллиард доллардан асты
1991 жылы Ресей Қазақстанның мемлекеттік егемендігін танып, 1992 жылы елдер арасында дипломатиялық қатынастар орнады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа 1992 жылдың 25 мамырында қол қойылып, бұған да 20 жыл толып отыр. Осы 20 жыл ішінде теріскейдегі алып көрші Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық және саяси әріптесіне айналды. Мәселен, екіжақты сауда айналымының үлесі Қазақстанның бүкіл сыртқы сауда көлемінің 10 пайыздан астамын құрап отыр. Елдер арасында мәдени-гуманитарлық байланыс та бәсеңдеген жоқ. Қайта өршіді. Сондықтан да, осындай 20 жылдықтар мерейтойлығымен ұштастырылған Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Ресейге сапары толайым табысты өтті. Бұл жолы тараптар энергетика саласындағы байланыстарды кеңейтуге ерекше назар аударумен қатар, Солтүстік Каспий көмірсутегін игеру бойынша жобаларды іске асыру жайын талқылады.
Айтпақшы, Елбасы сапары Ресей басшысы Владимир Путиннің туған күні қарсаңында өтіп, Кремльдің Үлкен сарайындағы кездесуді Нұрсұлтан Әбішұлы әріптесін құттықтаудан бастаған болатын. «Биыл біздің елдеріміз арасындағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толды. Сонымен қатар, біз дипломатиялық қатынастардың орнағанына 20 жыл толуын атап өтудеміз. Қазіргі уақытта, бүгінгі заманның талабын ескере отырып, Шарт тиісті бейімдеуді және жаңартуды қажет етеді. Өзара іс-қимылдың барлық саласы бойынша ынтымақтастық нығайып келеді. Біз, әсіресе, өз тарапымыздан құрылған Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы экономикалық ықпалдастықтың барлық мәселесіне одан әрі мұқият және салмақты қарауымыз қажет», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде Ресей Президенті Владимир Путин екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының құрылымы әртүрлілігімен ерекшеленетінін және 20 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайтынын айтып өтті. «Ресейге жұмыс сапарымен келу туралы менің ұсынысымды қабыл алғаныңыз мен үшін өте қуанышты жәйт. Біздің екіжақты саяси, сауда-экономикалық байланыстарды дамыту жөнінде пікір алмасуды жалғастыруға және біздің елдеріміздің арасында ғана емес, жалпы алғанда, барлық посткеңестік кеңістікте ықпалдастықты тереңдетуге байланысты мәселені талқылауға мүмкіндігіміз бар», - деді В.Путин.
Кездесудің қорытындысы бойынша ХХІ ғасырда тату көршілестік және одақтастық туралы жаңа шартты әзірлеу және қабылдау қажеттілігі туралы уағдаластықты бекіткен Бірлескен мәлімдеме қабылданды. Онда Қазақстан мен Ресейдің мәңгі достық қағидатын берік ұстанатыны, ал оның ұлттық қауіпсіздік, саяси тұрақтылық және ұлтаралық келісім мен өркендеудің кепілі екендігі атап көрсетілген.
Қазақстан мен Түркия: Стратегиялық әріптестіктің жаңа даңғылына көтерілмек
Қазақ елінің тәуелсіздігін әлемде ең бірінші мойындаған мемлекет - Түркия. Сонау өткен ғасырдың басындағы алмағайып заманда КСРО құрамында қалған түбі бір жұрттар туралы Ататүрік Түркия халқының алдына зор аманат жүктеген еді. Қазақ елінің тәуелсіздігін алғаш болып мойындау да сол түркінің ұлы көшбасшысы һәм қолбасшысының аманатына адалдықты білдірсе керек-ті. Ал дипломатиялық қатынастар орнаған өткен жылдар ішінде бауырластар бір бірін мақтанышпен қарсы алып, бір-біріне қуаныш құшағын әрқашан жаятындай деңгейде байланыстар орната алды. Айтпақшы, Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 2 наурыздан бастау алған болатын.
Түбі бір түркі жұртының достығын жаңғыртуда, оны жаңа даңғылмен көтеруде әсіресе екі елдің басшылары көп еңбек сіңірді. Тәуелсіздіктің әуел басынан-ақ Қазақ елінің Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми Түркияға көп мойын бұрса, Түркия билігі де өзінің Атажұртындағы қазақ еліне қолдауды ұдайы жасап келді. Оның ішінде де Қазақстанның халықаралық бастамалары Түркия тарапынан жылы қабылданды. Мәселен, 1992 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Азия құрлығында бір-біріне деген сенімді арттыруда, ортақ мәселелерді бірігіп ақылдасуға қажет ұйым құру турасында бастама көтергенде оған Түркия қолдау көрсеткен. Ал АӨСШК жұмысы жолға қойылғанда Кеңеске Қазақстаннан басқа шет мемлекеттердің ішінен тұңғыш рет төрағалықты да Түркия атқарды. Осындай ынтымақтастық басқа да ұйымдар шеңберінде белсенді аңғарылатыны айқын. Бұдан басқа, Түркия Қазақстанның Түркі кеңесін құру идеясын іске асырудағы маңызды рөлін, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі, Парламенттік Ассамблея, Ақсақалдар алқасының құрылуын, Астанада Түркі академиясы ашылғанын жоғары бағалады әрі Елбасын түрік әлемінің көшбасшысы ретінде санайды. Соның дәлелі ретінде ел астанасында ескерткішін қойды.
Ал сауда-экономикалық байланыстарға келсек, 2010 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 1,85 миллиард АҚШ долларын құраған. 2011 жылдың қорытындыcында бұл көрсеткіш 3,303 миллиард долларға жетсе, биылдың бірінші жартысында 2,460 миллиард доллар шамасында болып отыр. Дегенмен, бұл да саудалық байланыстың шегі емес. Әлі де әлеуетті арттыра түсетін тұстар баршылық. Ендеше Елбасының Түркияға сапары осындай байланыстар қатарын арттыруға тың серпін беретіні айқын.
Анкараға сапарын Елбасы түріктер аса ілтипатпен құрметтейтін Ататүрік мемориалды кешеніне келіп, Мұстафа Кемал Ататүрік мавзолейіне гүл себетін қою рәсімінен бастады. Кесенені аралау барысында Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырып, онда Нұрсұлтан Назарбаев Мұстафа Кемал Ататүріктің Түрік Республикасын мықты және беделді мемлекет ретінде дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Сапар аясында Президент Н. Назарбаев Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Оның барысында екі ел басшылары 20 жылдық кезеңдегі ынтымақтастықтың қорытындысын шығарып, одан әрі дамыту мәселесін талқылады.
Бұдан бөлек, Президент Н.Назарбаев пен Түркия Үкіметінің басшысы Режеп Ердоған екеуара кездесті. Сонан соң Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысы сөз сөйлеген болатын. Елбасы өз сөзін алда келе жатқан мерекемен - Түрік Республикасы күнімен құттықтап бастады. «Өткен 20 жылда біздің елдеріміз айтарлықтай даму кезеңінен бірге өтті. Осы уақыт ішінде біз бір-бірімізден көп нәрсені үйрендік, зор табысқа қол жеткіздік. Менің 2009 жылы Анкараға сапарым кезінде қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы шарт біздің бірлескен жұмысымыздың базалық негізі саналады. Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы тиімді ынтымақтастық жоғары деңгейде дамуда.
Әртүрлі халықаралық және өңіраралық ұйымдар аясында біздің байланысымыз кеңеюде», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұдан бөлек, президент Түркия Қазақстанның маңызды экономикалық серіктестерінің бірі екенін, екі елдің арасындағы экономикалық өзара іс-қимыл жоғары қарқынмен даму үстінде екеніне назар аударды.
Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында Түркияның Қазақстанға салған инвестициясы 2 миллиард АҚШ долларына жақындаған. Елбасы 2015 жылға қарай екі елдің арасындағы тауар айналымын 10 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отырғанына да баса назар аударды.
Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысының қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдемеге Президент Н.Назарбаев пен Р.Ердоған қол қойды. Бұдан соң, Президент Н. Назарбаев екі елдің арасындағы әріптестік қарым-қатынасты, достықты, ынтымақтастықты дамытуға сіңірген зор еңбегі үшін Қазақстанның мемлекеттік жоғары наградасы - «Алтын қыран» орденімен Түркия Премьер-Министрі Реджеп Тайып Ердоғанды марапаттады.
«Біздің еліміз Қазақстан тәуеліздігін алғаш мойындаған болатын. Сол күннен бері қарым қатынас деңгейі жоғарылаумен келеді. Кеңес барысында екіжақты қатынастардың биікке шыққанына тағы да көзіміз жетті. Ал бүгінгі өткізілген шара осы әріптестіктің одан жоғары деңгейге көтерілуінің бастауы болды», - деді Түрік Премьері. Бұдан соң, Р. Ердоған Президент Н. Назарбаевтың ресми сапар барысында екіжақты қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтерілетінін, ол үшін болашақ қадамдар пысықталып, стратегиялық әріптестік дамыту қарастырылғанын жеткізді. «Қазіргі күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесінің ақсақалы дәрежесінде. Тиімді, сындарлы ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстан өз аймағында да, әлемде де абыройлы елдер қатарынан орын алды», - деді Реджеп Ердоған.
«Түркия бүгінде Қазақстанның ең жақын стратегиялық әріптесі болып табылады. Тәуелсіздікпен бірге біз жоғалтып алған қарым-қатынасымызды қайтадан тауып, түркі әлеміне қайтып келдік. Бір бірімізді танитын болдық. Кеңісіміз кеңейді, достарымыз көбейді, күшіміз тасыды. Түркия мен Қазақстанның арасында шешілмеген ешбір проблема жоқ. Саяси-экономикалық жағынан болсын, басқа жағынан болсын әр уақытта біз ақылдасып мәселелерді шешіп аламыз. Бір бірімізге қалтқысыз құрметіміз ретінде Астанада Есіл өзенінің жағасында Мұстафа Кемал Ататүрікке еңселі ескерткіш орнаттық», - деді өз сөзінде Президент Н. Назарбаев. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде екі елдің сауда-саттық көлемін 10 млрд. долларға жеткіземіз деген меженің таяу арада орындалатындығын зор сеніммен атап өтті.
Бұдан кейін Президент сапары Стамбұлда жалғасып, онда іскер топтардың, министрлердің кездесулері аясында 2 млрд. 400 млн. доллар тұратын бизнес-келісімдерге қол қойылды.
Үкімет «сақалды» қарыздарды құртатын болды
Осы аптадағы Үкімет отырысында екі маңызды мәселе қаралды. Оның бірі қысқы жылу маусымына дайындық жұмыстары болса, екіншісі - су тасқыны оқиғаларына қарсы іс-шаралар. Келтірілген мәліметтерге қарағанда алдағы жылу маусымына дайындық жаман емес. Дегенмен, біршама проблемалар да көлденеңдейтіні айқын болды. Соның бірі дебиторлық қарыз. Оның мөлшері жыл өткен сайын азаюдың орнына көбейіп отыр. Үкімет отырысында жылу маусымына дайындық мәселелері бойынша бірқатар жауапты тұлғаларды тыңдаған соң, Премьер-Министр Серік Ахметов ең алдымен осыған баса назар аударды. «Әкімдермен тікелей жұмыс жасауымыз қажет. Қазір жылу маусымына байланысты қарыздарды өтеу кезеңі жүріп жатыр. Меніңше, әкімдер қарыздарды екі есеге дейін төмендете алады. Жаңа жылға дейін бұл қарыздарды барынша қысқарту жөнінде әкімдердің алдына нақты талап қою керек. Қырымбек Елеуұлы, Серік Нокин екеуіңіз «сақалды» берешектер мәселесін қолға алып, әкімдермен жұмыс жасаңыздар. Ендігіде жинап ала алмайтын қарыздар мәселесін кәсіпорындармен келісе отырып шешу керек. Қарыздарды барынша қысқартып, жаңа жылдан бастап оның статистикасын жаңаша бастау қажет. Жыл сайын бұл қарыздардың көлемі миллиард теңгеге ұлғайып жатыр. Осы мәселені шешіңіздер», - деп тапсырма берді Үкімет басшысы.