ЖИ жұмыс орындарын қысқартпайды — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект мемлекеттік қызметшілерді алмастырмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді.

Екатерина
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

— Жасанды интеллект үлкен көлемді деректерді талдау сияқты аналитикалық міндеттерді орындай алады. Бірақ бұл жаңа технологиялар жұмыс орындарын қысқартпайды, керісінше қосымша қажеттілік туындатады. Мәселен, салалық агентті үйрету үшін онымен жұмыс істейтін бірнеше маман керек болады. Демек, адамдардың еңбегі бәрібір сұраныста қалады, — деді депутат.

Оның айтуынша, жасанды интеллект тек функцияларды қайта бөледі.

Екатерина
Фото: Тастан Тоянов/Kazinform

— Күнделікті тапсырмаларды автоматтандырылған көмекшілер атқарып, адамдардың уақыты шығармашылық пен біліктілікті қажет ететін жұмыстарға көбірек жұмсалады, — деп түсіндірді Смышляева.

Депутаттың пікірінше, білім беру жүйесінде де азаматтардың рөлі өзгереді — олар менторлық бағытқа қарай ығысады. Ал қарапайым істерді автоматтандырылған жүйелер атқарады.

— Еңбек нарығы функционалды түрде қайта құрылады. Ал «қазір жұмысшылардың 50%-ын қысқартып, олардың орнына жасанды интеллект жұмыс істейді» деу — бұл жай ғана хайп. Жасанды интеллект ешқандай жұмысқа тұра алмайды. Жауапкершілік бәрібір адамға жүктеледі, — деді депутат.

Бұған дейін Депутат ЖИ саласында басты міндет азаматтардың құқығын қорғау екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар