Жіліншігі ғана бір метрден асады: СҚО-да алып мамонттың сүйегі табылды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында ауыл тұрғыны балық аулауға барып, шамамен 15 мың жыл бұрын өмір сүрген жануардың сүйегін тауып алды.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бескөл ауылының тұрғыны Әсет Шайкин Бәйтерек ауылының маңына балық аулауға барған. Жерден шығып тұрған сүйекті көріп, қазып алады.

Бір метрден асатын жілікті көрген ол таң қалып, белгілі археолог Анатолий Плешаковқа хабарласады. 

— Сүйек табылған жерге бардым. Есіл өзенінің жағалауы, өте әдемі жер екен. Бұл жәдігер өте үлкен мамонттың жіліншік сүйегі, оның қалған сүйектері де сол жерде болуы мүмкін. Жатқан жеріне қарап, жағалаудан құламағанын білуге болады. Көп жағдайда адамдар тапқан осындай жәдігерлерді үйде, қорада сақтайды. Бірақ ол ұзаққа бармай үгітіліп, шашылып қалар еді, сол себепті ауыл азаматы олжасын бізге табыс етіп, дұрыс істеді, — дейді Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Анатолий Плешаков.

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ғалымның айтуынша, Бәйтерек ауылының маңында 15 жыл бұрын мамонт сүйектері табылған.

Жалпы Есіл өзені жағалауының бойында мұндай көне жәдігерлер молынан жатыр. Ғалым бұл жолы табылған жәдігерді сенсацияға балап отыр.

— Ерекшелігі неде? Ол алып жануар болған. Екіншіден, ол жерді қазсақ, еңбек құралдары да табылуы мүмкін. Бұл — одан асқан сенсация, СҚО-дағы алғашқы палеолит ескерткіші болар еді. Мен кеше еліміздегі палеолиттік дәуірді зерттеуші ғалым Жәкен Таймағанбетовпен сөйлестім. Ол да қызығушылық танытты, бірақ қазір сапарлары бар, сол себепті биыл күзде сүйек табылған жерді зерттей алмаймыз. Ал келесі жылы, әрине, ол жерде жұмыс істеу керек, қосымша қаржы сұраймыз. Келесі жылы бұл жердің құпиясын ашамыз деп ойлаймын. Мамонт сүйектері біздің аумақтан өте сирек табылады, ал мұндай алып түрі ілуде біреу ғана, — дейді Анатолий Плешаков. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Профессордың айтуынша, 1960 жылы Есіл ауданы Ясновка ауылының жанында мамонт сүйегі табылып, палеозоологтар қазып алды. 

Мамонттардың да тұқымы көп, табылған жануардың сүйегін «Ясновка пілі» деп атап кетті.

— СҚО аумағында мамонттан бөлек мүйізтұмсыз, бизон сүйектері де кездесіп жатады. Бұл жануарлардың барлығы жоғары палеолит дәуіріне жатады. Біздің аумақта мұздық болған жоқ, бірақ, жанымыздағы Түмен облысы мұз құрсауында жатты. Бізде де суық, ылғалды климат болды, өсімдіктер молынан шыққандықтан, мамонттар көп болған. Адамдар бұл жануарларға аңшылық құрып, аулаған, — дейді Анатолий Плешаков. 

а
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ал табылған сүйек енді облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылмақ. Бұған дейін археологтар су астынан ежелгі жәдігерлерді тапқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар