ЖМУ-да Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы ашылды
Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған шара - алдағы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай жасалған игі қадам. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев қатысты.
Кафедраның мақсаты - оқу және тәрбие үрдісін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз етіп, республикалық және Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен тығыз ынтымақтастықта қызмет атқару. Осы орайда ел тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау, ұлтаралық достық пен татулық тінін бекіте түсу бағытындағы аталған міндеттерге ресми статус беру мақсатында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, Алматы облыстық білім басқармасы және І.Жансүгіров атындағы университет өзара үш тарапты ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.
Кафедра құрамына университеттегі студенттік Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Философия және өлкетану» ғылыми-зерттеу орталығы, тілдік дайындау орталығы, жастар ісі жөніндегі комитет, философия және саясаттану кафедрасы кіріп, бір мақсатта жұмыстар атқаратын болады. Келесі оқу жылынан бастап университет білімгерлеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық қызметі», «Основы межэтнической толерантности» пәндерін оқыту көзделіп отыр.