Жобалау-сметалық құжаттама саласында монополияға қарсы бақылау кеңейтіле ме – Үкімет басшысының жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының жобалау-сметалық құжаттама саласында монополияға қарсы бақылауды кеңейтуге қатысты сауалына жауап берді.

– «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 32-бабына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жекелеген қызмет түрлері Қазақстан Республикасының «Рұқсаттар және хабарламалар» туралы заңнамасына сәйкес лицензияланады. Жобалау-сметалық құжаттаманы жобалау қызметінің тиісті түрлеріне лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар әзірлейді. Бүгінгі таңда ел бойынша жобалық қызметті 15,9 мың жобалық ұйым жүзеге асырады. Оның ішінде 1-санатты - 1,9 мыңға жуық, 2-санатты - 4 мыңға жуық, 3-санатты - 10 мыңға жуық ұйым, - деді Үкімет басшысы жауабында.
Оның пайымынша, мұндай көрсеткіштер бәсекелестік нарығы дамығанын айғақтайды.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу азаматтық-құқықтық қатынастар аясында тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы тиісті шарт негізінде жүзеге асырылады. Өз кезегінде мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес конкурстық рәсімдерді өткізу тәсілімен айқындалады. Осылайша, осы саладағы монополияға қарсы бақылауды кеңейту мүмкін емес деп санаймыз, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, елімізде Superpave технологиясы бойынша жол жамылғыларын жобалаудың халықаралық стандарттары енгізілмек.