Жобалау-сметалық құжаттаманы мақұлдау кезінде аса ірі мөлшерде пара алған шенеунік ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматы қаласындағы ауруханаларда, мектептерде және басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілерде қазандықтарды қайта жаңарту бойынша жобалау-сметалық құжаттамаға оң қорытындылар беру кезінде аса ірі мөлшерде пара алу фактісі анықталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Ағымдағы жылдың 27 қазанында бұрын келісілген 73,5 млн теңгеден 12,2 млн теңге сомасында параның бір бөлігін алғаннан кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Солтүстік өңірі бойынша „Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы“ ШЖҚ РМК филиалының директоры әшкереленді», — делінген агенттік хабарламасында.
Параның бір бөлігін берген шенеунік пен компанияның құрылтайшысы соттың санкциясымен қамауға алынды.
Тергеу жалғасып жатыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Еске сала кетейік, сондай-ақ Шымкентте пара алмақ болған санитарлық қадағалау саласына жауапты басшылар сотталды.
Биыл автомобиль жолы саласында 24 қылмыстық іс тіркелген.