Жоғалған оқушы Астанадан табылды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - 31 наурыздан бері хабар-ошарсыз кеткен оқушы табылды. Талдықорғандық тұрғынды полицейлер Астанадан тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
17 жастағы жеткіншек осымен бірнеше мəрте үйінен қашып кеткен. Тəртіп сақшылары 2016 жылы оны Астана қаласынан тапқан еді. Бұл жолы да полицейлердің елордалық əріптестері баланы іздестіруге көмектесті.
"Қазір жеткіншек Астанадағы жасөспірімдерге арналған оңалту орталығына жеткізілді. Баланың жағдайы жақсы. Қазір ол ата-анасын күтіп отыр. Олар баланы алып кетеді",-деді облыстық ІІД баспасөз қызметіндегілер.
Анықталғандай, жасөспірім Астанаға бағыт алған көлікті тоқтатып, сол арқылы жеткен. Ал оның жоғалғандығы жөнінде 3 сəуір күні Талдықорғандағы Ішкі істер басқармасына анасы хабар берген.