Жоғалған тікұшақ: іздестіру жұмыстары қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM — Жоспарлы ұшып өту кезінде жоғалған EC-145 тікұшағын анықтау мақсатында Сорбұлақ су қоймасы ауданында іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлім етті.

— Қарулы күштердің тікұшағы жоғалғаны туралы ақпарат түскен сәттен бастап Алматы қаласынан біздің (ТЖМ-нің) екі тікұшақ іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды… Сонымен қатар сол жердегі аумақты шолып шықтық және тікұшаққа тиесілі болуы мүмкін бөлшектер табылды. Қазір Сорбұлақта іздестіру жалғасып жатыр. Біріншіден, осы жұмыстарды негізінен Қорғаныс министрлігі атқарып отыр, сондай-ақ біздің құрылымдар да сол жерге тартылды. 1-2 күн ішінде оны табады деп сенеміз, — деді К. Тұрсынбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Еске салсақ, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кетті.
26 шілдеде ТЖМ құтқарушылары жоғалған тікұшақтың бөлшектерін тапты.
Жоспарлы ұшып өту кезінде жоғалған Әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағында болған адамдардың орнын анықтау мақсатында Сорбұлақ су қоймасы ауданында ауқымды іздестіру-құтқару операциясы тәулік бойы және күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр.