Жоғарғы сот Шерзат ісі туралы: Алматы облысында отырысты БАҚ өкілдерін қатыстырып өткізу мүмкіндігі бар
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғарғы сот Kazinform сауалына жолдаған жауабында Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысын ашық өткізудің мүмкіндіктері туралы ұстанымын білдірді.
«Қылмыстық іс қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жердегі сотта қаралуға жатады (ҚР ҚПК 314-бабының 1-бөлігі). Алматы облысында сот отырыстары ашық өткізілуі жөнінде шешім қабылданған жағдайда, БАҚ өкілдерінің қатысуымен тиісті деңгейде өткізу мүмкіншілігі бар. Журналистер ашық сот процесіне қатыса отырып, процеске қатысушылардың дербес деректерге құқықтарын қорғауды ескере отырып, төрағалық етуші судьяның рұқсатымен сот залынан ақпаратты БАҚ-қа таратуға құқылы», - деп жазылған жауапта.
Сот органындағылар әзірге Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс-материалдары сотқа түспегенін еске салған.
«Осыған орай соттың ашық өтуі туралы ұсыныстар түскен жоқ. Процессуалдық заңнамаға сәйкес онлайн-трансляция туралы шешімді іс бойынша төрағалық етуші судья процеске қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, қабылдайды (ҚР ҚПК 345-бабының 6-бөлігі, ҚР АПК 19-бабының 7-бөлігі)», - деп жазды Жоғарғы сот өкілдері.
Бұған дейін Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Шерзат Полатқа қатысты сот процесін онлайн өткізу туралы өтініш беретінін айтқан еді.