Жоғарғы Сот департаментінің делегациясы Сингапур соттары жұмысымен танысуда (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының департаменті қызметкерлерінен құралған делегацияның Сингапурде танысу сапары өтуде.
None
None

Делегацияны Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов бастап барды. Оның құрамына Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының ректоры М. Бейбітов, Департаменттің құрылымдық бөлімдерінің басшылары мен жауапты қызметкерлері енді. 

Іс-шара Дүниежүзілік Банктің қолдауымен өтуде. Сапар шеңберінде делегация Сингапурдың соттар жұмысында ақпараттық технологияларды қолдану тәжірибесімен танысып, олардың инфрақұрылымы мен электрондық жүйесін зерделеуде. Осы мәселелер бойынша Сингапурдың әлемде мойындалған мемлекет екендігін атап өткен жөн.    

Сонымен қатар, делегация бітімгершілік рәсімдерді қолдану, онлайн медиация, соттар қызметінің тиімділігін арттыру, ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету және сот әкімшілігінің өзге де мәселелері бойынша Сингапурдың тәжірибесіне зор қызығушылық танытты. Сингапурдың заң колледжі мен Қазақстан Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі академиясының арасында серіктестік қарым-қатынас орнату мәселесі пысықталуда.

20 маусымдағы сапардың алғашқы күні делегацияның Сингапур Жоғарғы Сотының өкілдерімен кездесуі өтті. Оның шеңберінде І. Испанов Ұлт Жоспарында көзделген сот жүйесін реформалауға ерекше мән бере отырып, Қазақстандағы сот құрылысы мен сот ісін жүргізу жұмыстары туралы әңгімелеп берді. Сонымен қатар, ол соттарды ақпараттық-техникалық жарақтандыруды жетілдіру және электронды сот ісін жүргізуді ендіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

Кездесу барысында І. Испанов: «Қазақстан соттарында сот төрелігінің ұтқырлығы мен айқындығын арттыратын, сондай-ақ сот ісін жүргізуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік беретін озық IT-технологиялар қарқынды енгізілуде», деді. Департамент басшысы сингапурлық әріптестерін «ТӨРЕЛІК» жүйесін, сот құжаттарының электронды мұрағаты, ішкі портал, кадр жүйесі сервистерін, соттардың интернет-ресурстарын, байланыс орталығын, сот құжаттарымен танысу және «Сот кабинеті» сервистерінің жұмысымен таныстырды.

«Төрелік» жүйесінің судьялардың мамандануы, жүктемесі, судьяның келесі сотқа тағайындалуы, еңбек демалысы, іссапарға шығуы, емделуі, қылмыстық істер жөніндегі тергеу судьясының және әкімшілік істер бойынша кезекші судьяның міндетін атқаруы секілді факторларды ескере отырып, істерді автоматты түрде бөлу механизмін жетілдіруге мүмкіндік бергені айтылды.

І. Испанов Қазақстан тұрғындарының соттарға жүгіну барысында жаңа электронды сервистерді белсенді қолданып жатқандығын атап өтті. Мәселен, егер 2014 жылы соттарға 105 мың электронды өтініштер жолданған болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш үш есеге артып, 382 мың құжатты құрады. 2016 жылдың алғашқы 5 айының өзінде 115 706 өтініш электронды нұсқада келіп түсті.

Осы орайда І. Испанов: «Жоғарғы Сот қолданып жатқан шаралардың тиімділігін беделді халықаралық ұйымдардың деректері растайды. Ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексінің «Дауларды шешудегі құқықтық реттеудің тиімділігі» көрсеткіші бойынша Қазақстан өзінің былтырғы жылғы рейтинтегі орнын 11 позицияға жақсартып, 59-шы орыннан 48-ші орынға ілгеріледі. Дүниежүзілік Банктің әлемдік инвесторлар үшін инвестициялық шешімдер қабылдауына негіз болып табылатын «Doing Business» рейтингісінің «Келісім-шарттарды орындауды қамтамасыз ету» индикаторы бойынша Қазақстан 5 позицияға көтеріліп, әлемде 9-шы орын иеленді», деді.

Қазақстандық делегация Сингапур Жоғарғы Сотының мұражайында болып, онда жақында ғана құрылып, ұзақ және қысқа мерзімді стратегиялар әзірлеумен айналысатын бөлімнің жұмысымен танысты. Сот процестерін аудио, бейнетіркеудің мамандандырылған жүйесін және бейнебақылауды қолданудың функционалдық мүмкіндіктері егжей-тегжейлі зерделенді. Сонымен қатар, делегация кіріс құжаттарды тіркеу және оларды одан әрі судьялардың қарауына берумен айналысатын құрылымдардың қызметімен танысты.

«Сот төрелігінің электронды картасына» айрықша назар аударылды. Аталған сервис көптеген статистикалық деректермен қатар, соттар ішінде «данагөй басшылықтың» ынталандыруы және стратегиялық жоспарлау, адами капиталды тиімді қолдану және Фемида қызметкерлерінің қызметіне қанағаттанушылық деңгейіне мерзім сайын бақылау жүргізу секілді элементтерді біріктіреді.

Сингапур соттарының Сот ісін жүргізуді жетілдіру құрылымдарын құру жөніндегі халықаралық консорциум құру бойынша бастамасы құптауға тұрарлық. Жетілдірудің негізгі жеті саласы анықталған. Бұлар: соттық басқару және басшылық, соттардың саясаты, процестік әрекеттер, қоғамдық сенім, тұтынушылардың қанағаттанушылығы, соттың ресурстары және жалпыға қолжетімді сот қызметтері. Бұл модель халықаралық тәжірибеде кеңінен зерделенуде.

Сапар шеңберінде Сингапур сот органдарының жауапты қызметкерлерімен кездесулер жоспарланған. Олар сот саласында білім беруді дамыту қызметімен және Сингапур медиация орталығының жұмысымен, сондай-ақ Сингапур қаласы сотының сот ісін жүргізу және ұйымдастырушылық жұмыстарымен, соттардың технологияларды қолдану барысымен таныстыратын болады.

Кездесулердің алғашқы күні қазақстандық және сингапурлық сот әкімшілігінің мамандары тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндігі бойынша Қазақстан мен Сингапур жоғары сот органдарының арасында байланысты одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.

Қазақстандық делегация Сингапурден кейін Оңтүстік Кореяға барып, осы елдің сот органдарының қызметін зерделейтін болады. Сапар 24 маусымға дейін жалғасады.

null null 

Соңғы жаңалықтар