Жоғарғы сот енді сот ісіне ықпал етуге тырысқан азаматтардың аты-жөндерін көпшілікке жариялап отыратын болады
Бұл туралы осы мәселеге байланысты ақпарат құралдарының өкілдерімен арнайы кездескен Жоғарғы сот қызметкерлері мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жоғарғы соттың ресми өкілі Нұрлыбек Сәрсеновтің айтуынша, енді елімізде сот процесінің қатысушысы емес, бірақ судьялардың қызметіне ықпал етуге ниет білдірген барлық азаматтардың аты-жөндері Сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесінің арнайы журналына тіркеліп, одан соң Жоғарғы соттың сондай-ақ облыстық соттардың ресми сайтында жарияланады. «Басқаша айтқанда тұрғындар енді еліміздегі сот ісіне ықпал еткісі келген әрбір азаматтың аты-жөнін интернет арқылы біле алады. Бұл жүйемен қалай жұмыс істеу қажеттігімен республикадағы барлық судьялар таныстырылған», деді Жоғарғы соттың ресми өкілі Н.Сәрсенов журналистермен кездесуі барысында.
Оның сөзіне қарағанда, аталмыш жүйе судьялардың сот әділеттелігін қамтамасыз етіп, оларға мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы орган басшылары және құзырлы орган өкілдері тарапынан қысым көрсету әрекеттерінің алдын алуға мүмкіндік береді. Жүйе сонымен қатар судьялардың сот ісіне қатысушылармен сот процесінен тыс қарым-қатынас жасауының, яғни жемқорлық әрекеттерінің алдын алуға бағытталған. «Аталмыш шара сот билігінің беделін арттырып, қоғам арасында әділдікке, сот өкілдеріне деген сенімді нығайтады деген ойдамыз» деді ресми өкіл.
Кездесу барысында аталмыш мәселе төңірегінде журналистермен өз ойларымен бөліскен Жоғарғы соттың отставкадағы судьясы Раиса Юрченоның айтуынша, бүгінде сот жұмысына сырттан немесе іштен қандай да бір жолдармен әсер ету әрекеттері жоққа тән. Бұл әрекеттер кезінде болған және олар көбіне жазбаша түрде келетін. Ал сот қызметкерлері оларға нақты заң аясында тиісті жауаптарын берген соң олардың қатары сиреп, бүгінде мұндай әрекеттер жоқ деуге болады. «Жалпы сот қызметінде тек процессуалдық сипаттағы, яғни қызмет бабымен байланысты ғана қарым-қатынастар болуы қажет. Заң талаптары бойынша судьялар өздеріне ықпал ету әрекеттеріне төтеп бере алулары керек. Судья өзіне ықпал етуге тырысқан адаммен жанжалдасып, немесе оған өзінің қабылдаған шешіміне байланысты мәселелерді өзгелерге түсіндіріп жатуға тиісті емес. Ол өзіне ықпал етуге тырысқан адамды өзінің басшылығына жеткізіп, өз кезегінде басшылары жинақталған материалдарды қорытындылап, тиісті шара қолдануы қажет. Өйткені сот ісіне ықпал ету заң бойынша жазалануы қажет әрекет және оған кінәлілер міндетті түрде жауап берулері керек» деді Р.Юрченко.