Жоғарғы сот ежелгі билердің дау-дамайларды шешу тәжірибесіне сүйене отырып дайындалған заң жобасын қыркүйек айында Парламентке ұсынбақ

Бұл туралы бүгін Жоғарғы сотта «Екіжақты татуластыру институтын енгізудің өзекті мәселелері» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Жоғарғы сотты судьясы Владимир Борисов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды баламалы түрде шешу ісі Қазақстан үшін үлкен жаңалық емес. Себебі бұл міндетті кезінде ежелгі билер институты атқарған. Оның үстіне қазақтарда қалыптасқан үлкендерге, абыз-ақсақалдарға деген құрмет ерекше. Олардың сөздері қай заманда болмасын өтімді болған. Бұл қазақ халқының ежелгі өмір сүру салтынан келе жатқан құндылықтар. «Қорыта айтқанда, біз бүгін ежелгі билердің тәжірибесінен бастау алатын, ал қазіргі заманда медиация деген ұғыммен белгілі, екіжақты келістіру тәжірибесін заңдастыру мәселесін қолға алып отырмыз», деді Жоғарғы соттың судьясы.
Оның айтуынша, аталмыш жүйенің қолға алынуы - елдегі демократияландыру бағытындағы қарышты қадамдардың бірі десе болады. Себебі кез келген мемлекет азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды мүмкіндігінше сол азаматтардың өздері шешетіндей мүмкіндігі бар қоғам қалыптастыруды қалайды. «Ал медиация тап
осы міндетті атқарады. Яғни азаматтар өзара туындаған дау-дамайларды іс сотқа жолданғанға дейін шеше алады. Ол үшін араздасушы тараптар медиация институтының көмегіне жүгініп, екіжақты келісіммен медиатрды таңдап алып, соның шешіміне мойынсұнады. Бүгін біз осы мәселеге байланысты заң жобасын талқылаудамыз. Бұл осы институтқа байланысты өтіп жатқан соңғы талқылаулар. Себебі біз оған қатысты құжатты үшінші тоқсанда Парламент қарауына ұсынамыз, келесі жылы ол күшіне де еніп қалуы ықтимал», деді Владимир Борисов.