Жоғарғы сот төрағасы Батыс Қазақстан облысы судьяларының кеңесіне қатысты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми биылғы жылдың бес айының қорытындысы қаралған Батыс Қазақстан облысы судьяларының кеңесіне қатысты.

Іс-шараға облыстық соттың төрағасы Б.Аметов, сот алқаларының төрағалары, қалалық және аудандық соттардың судьялары, Судьялар одағы филиалы мен Соттар әкімшісінің басшылығы қатысты.

Кеңес барысында Батыс Қазақстан облыстық соты төрағасының өңірдегі соттардың сот төрелігін жүзеге асыруы туралы ақпараты, Судьялар әдебі комиссиясы мен Судьялар одағы филиалы төрағаларының жұмысы туралы есебі тыңдалды.

Өз сөзінде Қ. Мәми «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына енгізілген реформаларды іске асырудың қорытындысы бойынша сот жүйесі жұмысындағы жағымды өзгерістерді атап өтті. Жоғарғы сотқа жүктелген барлық 11 қадам іске асырылды.

Жаңа Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғары Сот кеңесі туралы» жаңа заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық процестік және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстерге тиісті өзгерістер енгізілді. Басқа да заңдармен қатар, аталған заңдар мемлекетімізді, экономикамыз бен қоғамды дамыту үшін түбегейлі жаңа құқықтық орта құрды.

«Енгізілген жаңашылдықтардың биылғы жылдың 5 айындағы қолданылуына жүргізілген талдау жаңа өзгерістердің өміршеңдігін көрсетіп отыр. Реформаларды жүргізудегі ең басты мақсаттардың бірі - сот ісін жүргізуді оңайлату. Ол өз кезегінде түпкілікті сот шешімдерін қабылдау уақытын барынша қысқартуға және судьялардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді», - деді Жоғарғы сот төрағасы.

Бұл мақсатқа қол жеткізілді. Мәселен, үстіміздегі жылдың 5 айында әрбір екінші азаматтық іс оңайлатылған сот ісін жүргізу тәртібінде қаралған. Дауларды шешудің баламалы тәсілдерін қолдану арқылы аяқталған істердің саны 1,8 есеге өскен. Прокурордың қатысуымен қаралған істердің саны 36 пайызға азайған.

Қылмыстық істер бойынша да жағдай осыған ұқсас - сотқа дейінгі жеделдетілген тергеу бойынша қаралған қылмыстық істердің саны 37 пайызға, келісімдік іс жүргізу бойынша 2,5 есеге, сәйкесінше, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың үлес салмағы 1,6 пайызға азайған.

Судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері мен біліктілік талаптары қатаңдатылды. 2016 жылы 1220 судьяның кәсіби қызметіне бағалау жүргізіледі.  

Қ. Мәми Судьялар әдебі кодексінің жаңа жобасы әзірленгенін, ол 2016 жылдың күзінде өтетін Судьялардың жетінші съезінде қабылданады деп жоспарланып отырғандығын айтты. Кодекс жобасы судьялар қауымдастығымен келісілген және Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңестің отырысында мақұлданған. Қоғамда кеңінен талқылау үшін ол еліміздің жоғары сот органының сайтына орналастырылған. Кодекс жобасына қатысты Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясы сарапшыларының алдын ала қорытындысы алынды. Ол ағымдағы жылғы 10 маусымда Венецияда (Италия) өтетін Комиссияның 107 жалпы отырысының шеңберінде бекітіледі деп күтілуде.

Жоғарғы сот төрағасы Батыс Қазақстан облысы соттарының жұмысы үшін қажетті жағдайлардың барлығы жасалғанын және оң нәтижелер де бар екенін атап өтті. Мәселен, татуластыру рәсімдері қолданыла отырып қаралған азаматтық істердің саны 2,5 есеге артқан. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды тағайындау 2,1%-ға (64,4%-дан 66,5%-ға дейін) артқан.

Дей тұрғанмен, кейбір көрсеткіштер назар аударуды талап етеді. Мәселен, Зеленов, Жәнібек және Бөрлі аудандық соттарының қылмыстық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы біршама төмендеген.

Жоғарғы сот облыстық соттың апелляциялық сатысының 5 қаулысының күшін жойды. Сот процестерінің уақтылы басталмау фактілері орын алған.

Айтылған сынға байланысты кеңес қорытындысы бойынша келешекте атқарылуы тиіс бірқатар нақты міндеттер қойылды.  «Жекелеген өңірдегі сот төрелігінің сапасы кассацияның қорытындысы бойынша айқын көрінетін болады. Істердің кейбір бөлігінің соңғы шешімі облыстық сотта шығарылатындықтан, облыстық соттың тұрғындар алдындағы жауапкершілігі айтарлықтай артып отыр. Сот істерінің басым бөлігі бір-екі сатыда қаралумен аяқталуы керек, ал апелляциялық қаулы өте сирек жағдайларда ғана қайта қаралуы тиіс», - деді Қ. Мәми.

Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облыстық сотының басшылығы мен судьяларына сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыруға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысын күшейтуге, судья әдебі нормаларын сақтауға, азаматтарды жеке қабылдаудың сапасын арттыруға, сот практикасына тұрақты талдау жүргізуге, бұқаралық ақпарат құралдарымен сындарлы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге және электронды сот төрелігін дамытуға назар аудару тапсырылды.

Республиканың алдағы судьялар съезіне дайындық бойынша бірқатар міндеттер жүктелді.

null 

Соңғы жаңалықтар