Жоғары аудиторлық палата неге ашық жұмыс істемейді – депутат сауалына жауап
АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Ауыл шаруашылығына бөлінген субсидиялар, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тиімділігі, Назарбаев Университеттің жұмысы туралы аудиттердің кейбір тұстарын неге қоғамға ашып көрсетпейтінін түсіндірді.

- Біз мемлекеттік аудит нәтижелерінің толық жариялануына жұртшылықтың қызығушылық танытатынын көріп отырмыз. Бірақ Жоғары аудиторлық палата құпия ақпараттың әрбір түрін қорғауға қатысты белгіленген заңнамалық шектеулерді ескеруге міндетті.
Көрсетілген мәліметтердің толық ашылуы мүдделі ұйымдар мен азаматтар тарапынан сот талаптарын қою мүмкіндігін қоса алғанда, құқықтық тәуекелдерді тудырады. Атап айтқанда, коммерциялық құпияны жария ету салдарынан залалды өтеу туралы талаптар қойылуы, дербес деректерді қорғау құқығының бұзылғаны туралы өтініштердің берілуі, ал ерекше жағдайларда – лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін, - деп жазады палата төрағасы.
Айтуынша, шектен тыс ашықтық құқықтық дау туындатып қана қоймай, халықтың мемлекетке деген сенімін азайтып жіберуі мүмкін.
- Кез келген тексеру түрлі субъектілердің мүддесін қозғайды, ақпаратты артық ашу себептері бойынша мемлекеттік аудиторлардың іс-әрекеттеріне сот тәртібімен шағымдану ықтималдығы бар. Мұндай сот процестері материалдық шығындармен қатар, Жоғары аудиторлық палатаның ғана емес, басқа да мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін, - делінген жауапта.
Дегенмен Әлихан Смайылов қолданыстағы заңнамада қоғамдық маңызы бар ақпараттар мен қолжетімділігі шектеулі мәліметтердің ара жігін ажыратудың толық өлшемшарттары айқын емес екенін мойындайды.
- Осыған байланысты, Жоғары аудиторлық палата айқындық талаптары мен құпиялылық режимін сақтау арасындағы теңгерімді жеткілікті қамтамасыз ету үшін әрбір жеке алынған ақпаратты дайындау кезінде мұқият талдау жасайды. Осылайша, ашықтық деңгейін арттыру туралы талаптар қолданыстағы заңнамалық шектеулерді әрқашан ескермейді. Қалыптасқан жағдай субъективті таңдаумен емес, қолданыстағы заңнаманың нормаларын қатаң сақтау қажеттілігімен негізделген. Жарияланатын әрбiр ақпарат ықтимал зардаптар тұрғысынан көп деңгейлi тексеруден өтедi және осындай кешендi бағалаудан кейiн ғана жұртшылыққа қолжетiмдi болады, - деп жазылған жауапта.
Ресми дерек бойынша, былтыр Жоғары аудиторлық палата былтыр мемлекетке 135 млрд теңге қайтарған.