Жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын ұйымдарға шағым көбейді — министрлік не дейді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындайтын жеке ұйымдардың қызметіне жиі шағымданатын болған. Осы орайда Ғылым және жоғары білім министрлігі жағдайды түсіндірді.

— Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде жоғары оқу орындарына, соның ішінде шетелдік жоғары оқу орындарына түсуге дайындық қызметінің сапасыз көрсетілуіне байланысты шағымдар мен хабарламалар жиілеп кетті. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасының жекелеген ережелерін түсіндіру қажет деп санаймыз. Қазақстан Республикасының білім туралы және рұқсаттар және хабарламалар туралы заңына сәйкес, білім беру саласындағы міндетті лицензиялауға жататын қызмет түрлерінің толық тізбесі белгіленген, — деді Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі құзыреті шегінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша білім беру қызметін жүзеге асыру үшін заңды тұлғаларға лицензия мен оған қосымша береді.
— Сонымен қатар жоғары оқу орнына түсуге дайындық қызметін соның ішінде шетелдік жоғары оқу орнына түсу бойынша кеңес беру қызметін ұсынатын ұйымдардың қызметі қосымша білім беру саласына жатады және лицензия берілмейді. Мұндай қызмет кәсіпкерлік қызмет шеңберінде азаматтық құқықтық шарттар негізінде жүзеге асырылады.
Осы орайда министрлік өкілі жоғары оқу орнына түсуге дайындық қызметін көрсететін ұйымдар жоғары білім беру туралы диплом бермейді, мемлекеттік білім беру бағдарламасын іске асырмайды және ресми білім беру субъектісі емес екенін ескертті.
— Демек бұл ұйым мен азаматтар арасындағы қатынас екі тараптың ерікті келісім негізінде құрылады. Мұндай ұйымдарды таңдау және шарт жасау қызмет алушыға және олардың заңды өкілдеріне жүктеледі. Азаматтарды білім беру қызметін таңдауда және шарт жасасуда мұқият болуға, сондай-ақ қажет болған жағдайда құзыретті органдардан кеңес алуға шақырамыз, — деп толықтырды Гүлзат Көбенова.
Өткен жылы қазақстандықтар жоғары білім алуға 62 млрд теңге жұмсаған.
Айта кетелік елордалық ата-аналар Gasyr Foundation білім беру орталығына жаппай шағымданған еді.