Жоғары лауазымды тұлғалардың жүргізушілері: Президент Іс басқармасының автошаруашылығы жайлы

Автошаруашылық орналасқан жер ерекше күзетілетін аумаққа жатады. Келген адамдар алдымен бақылау-өткізу бекетінде полиция қызметкерлеріне құжатын беріп, арнайы тексеруден өтеді.
Осы тексеруден өткен бізді кәсіпорын директорының орынбасары Нұрлан Батрашин қарсы алды.
«Бұл мекеме 1997 жылы елордамыз Алматыдан Ақмолаға көшкенде 27 тамызда Үкімет қаулысымен құрылған болатын. Негізгі қызметі - мемлекеттік органдарға, елімізге ресми, мемлекеттік және жұмыс сапарымен келген шет мемлекеттердің басшыларына, олардың делегацияларына автокөлік қызметін көрсету. Қазіргі таңда кәсіпорында 490 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 381 адам, яғни 77 пайызы - көлік жүргізушілері. Жүргізушілер құрамы дербес бекітілген. Олар автобус, шағын автобус және арнайы техника жүргізушілер болып бөлінеді», - деп бастады ол әңгімесін.
Жұмысқа келген әр көлік жүргізушісі СКУД (кіруді бақылау және басқару жүйесі) жүйесінен өтеді.
Әрқайсының штрих коды бар картасы болады. Сол карта арқылы үш терминалдың бірінен жол жүру парағын алады.
Онда жүргізушінің аты-жөні, табель, гараж нөмірлері, көлік багындағы жанармай мөлшері, қанша шақырым жүрілгені туралы дерек жазылған. Күн сайын шамамен 300 көлік жолға шығады. Жүргізуші алдымен медициналық куәландырудан өтуге тиіс. Онсыз рульге отыра алмайды. Медпункт тәулік бойы жұмыс істейді.
«Алкотестердің екі түрі бар. Жүргізуші контактісіз тестілеуден өткен кезде терминалға штрих-коды бар картасын жақындатады. Сол кезде жүргізуші туралы деректің бәрі компьютерден шығып тұрады. Алкотестерден өткендерге ғана көлік жүргізуге рұқсат беріледі. Бізде қан қысымы жоғары жүргізушілер де бар. Оларға айрықша назар аударамыз. Барлық мәлімет электронды түрде сақталады», - деді медицина қызметкері Галина Виноградова.
Медициналық куәландырудан өткен жүргізуші диспетчерге барып, өзіне бекітілген көліктің кілтін алады.
«Штатта 8 диспетчер тәулік бойы жұмыс істейді. Көлік қызметі үздіксіз көрсетіледі. Күн сайын ауысымда 25-30 кезекші автомобиль болады. Диспетчерлер стационарлық телефон, ұялы байланыс және радиостанция арқылы тапсырыс қабылдайды», - деді Нұрлан Батрашин.
Жүргізушілерге қойылатын талап та өте жоғары. Олар еліміздің ғана емес, шетелдің де лауазымды тұлғаларына қызмет көрсетеді. Сондықтан да жұмысқа қабылдау кезінде жүргізуші үш сатыдан тұратын сынақтан өтеді.
«Қызметкерлерді іріктеуге өтінім берген кезде тиісті біліктілік талаптарымызды көрсетеміз. Яғни, жұмыс өтілі, әскери есепте тұруы, көлік жүргізуге қажетті санаты болуы керек. Талапқа сай келген адаммен алдымен телефон арқылы сұхбаттасамыз. Содан кейін ғана кездесуге уағдаласамыз. Кездесу барысында жұмыс кестесін, жалақы мөлшерін, ұсынылатын әлеуметтік топтама жайын түсіндіреміз», - деді кәсіпорынның ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімінің бастығы Айнұр Қамарова.
Жүргізшілер дресс-код сақтауға міндетті. Киім іскерлік стильде болуға тиіс: күңгүрт түсті костюм, ақ көйлек. Галстук міндетті элемент саналады. Сонымен қатар жүргізушіге B, C, D, Е санаттарындағы көліктерді жүргізу құқығы қажет. Олардың орташа жасы 40-45 жас шамасында. Жастармен қатар, кәсіпорын құрылған сәттен бері еңбек етіп келе жатқан ардагер жүргізушілер де бар. Кәсіпорын мерейтойға орай «25 жылғы мінсіз қызмет» деп аталатын кітап та әзірлеп қойған. Таяу күндері жарыққа шықпақ.
«Біз үшін жүргізушінің тәжірибелі болуы өте маңызды. Өйткені, бұл жұмысы өте жауапты жұмыс, қауіпсіздікті сақтауы керек», - деді бөлім бастығы.
Оның айтуынша, жүргізушілер ағылшын тілін білу керек деген талап қойылмайды. Дегенмен, шетелдік ресми делегацияларға қызмет көрсеткен кезде қарапайым деңгейде болса да тіл білгені дұрыс. Сондықтан жұмысқа қабылдау кезінде ағылшын тілін жетік білетіндерге басымдық беріледі.
Кәсіпорын қызметкерлерді әлеуметтік жағынан да қолдап отырады. Мәселен, оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясын өткізіп, көп балалы жүргізушілердің 1, 2 сыныпқа баратын балаларына мектепке қажетті заттар салынған рюкзак береді.
Кәсіпорынның жол қауіпсіздігі жөніндегі инженері Абай Жүнісов жүргізушінің теориялық та, тәжірибелік те білімі тексерілетінін айтады.
«Жалпы, жүргізушінің білімі теориядан басталады. Өйткені, ол тәжірибелі жүргізуші болуы мүмкін, бірақ біз үшін теорияны да жетік білуі өте маңызды. Сондықтан арнайы жабдықталған кабинетте жүргізушілердің теориялық білімі тексеріледі. Қызметке алғаш келген адам жол ережесінен емтихан тапсырады. Бірінші рет емтихан тапсырған кезде әрқайсысы 20 минутқа созылатын бірден үш мүмкіндік беріледі. Емтихан нәтижелерінің бәрі жазылып отырады. Сынақтан өтіп, жұмысқа кірген жүргізуші жарты жылдан кейін 2-класқа, тағы жарты жылдан кейін ешқандай ескертуі болмаса 1-класқа емтихан тапсырады. Жүргізушіде B, С, D, Е санаттарының бәрі болуға тиіс. Сонымен қатар жылына бір рет барлық жүргізушіге міндетті түрде сабақ өткіземіз», - деді инженер.
Бүгінде елордада 13 мыңнан астам «Сергек» камерасы қойылған. Дәл осы камералар қала көшелеріндегі кез келген көліктің жол ережесін бұзғанын тіркеп, тіркелген айыпты азаматқа, мемлекеттік мекемеге, заңды тұлғаға жіберіп отырады. Мұндай айыппұл «Президент гаражы» көліктерінің кортежде жүргеніне қарамастан кәсіпорынға да келеді. Бірақ, еліміздің Ішкі істер министрлігінің арнайы ұйғарымымен айыппұлдар мекеме жүргізушісінен алынады. Алайда, күнделікті өмірде қателесіп жол ережесін бұзған жүргізушілер айыппұлды өз қалталарынан төлейді.
«Цифрландыру жұмысымызды жеңілдетуге көп көмегін тигізді. Қазір бәрі электронды, қай жүргізушінің қандай жол ережесін бұзғаны, қанша айыппұлы бар екені көз алдыңда тұрады», - деп атап өтеді Абай Жүнісов.
Нұрлан Батрашиннің айтуынша, бүгінде кәсіпорын Президентке, Премьер-Министрге, орталық мемлекеттік органдардың басшыларына қызмет көрсетеді.
«Біз 18 министрліктің 14-іне қызмет көрсетеміз. Күштік құрылымдарда Қорғаныс, Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінде көлік қызметі бөлек», - деді ол.
Бір қызығы, кәсіпорын Цифрлық даму министрі Бағдат Мусинге қызмет көрсетпейді. Өйткені ол электромобильмен қатынайды.
«Бізде әзірге электромобиль жоқ. Дегенмен, бұған дейін көліктің бұл түрін сынақтан өткізіп көрдік. Ерте ме, кеш пе электромбиль пайдалануымызға тура келеді», - деді кәсіпорын директорының орынбасары.
Мекемеде 450 автокөлік бар. Оның 374-і – жеңіл автомобиль. 53 пайызы елімізде құрастырылған Skoda Superb, Kia Optima, Kia K5, Kia Cadenza, Kia Quoris, Hyundai Sonata сынды автомобильдер.
Алдағы уақытта отандық көліктердің үлесін 80 пайызға жеткізу жоспарланған. Ал дәл осы отандық көліктер аппарат басшыларына, вице-министрлерге қызмет көрсетеді. Мұнан бөлек кәсіпорында әлемдік деңгейдегі көліктер де, брондалған автомобильдер де бар. Брондалған автомобильдер күзетілетін тұлғаларға бекітілген.
Дәл қазір кәсіпорын елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің отырысына қызу дайындық жүргізіп жатыр.
«Мемлекет басшысы деңгейінде көптеген меймандарды қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Бұл біз үшін ең алдымен зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік», - деді Нұрлан Батрашин.
Оның айтуынша, кәсіпорынның жеке жанар-жағармай май стансасы, көлік жөндейтін, жуатын арнайы орындары бар. Ай сайын 45-50 машина жоспарлы техникалық тексеруден өткізіліп тұрады. Бұзылған көліктерді де кәсіпорын өз күшімен жөндейді. Пайдалану мерзімі аяқталған көліктер Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы мемлекеттік органдарға беріледі.
«Соңғы 10 жыл бойы аукцион өткен жоқ. Көліктерді басқа мемлекеттік органдардың балансына өткіздік. Біз көліктерді Жоғарғы сотқа, Білім министрлігінің мекемелеріне, университеттерге, қорықтар мен музейлерге бердік», - деді ол.
Кәсіпорында соңғы 23 жыл еңбек етіп жүрген жүргізушілердің бірі - Міржақып Ашмұқанов. Ол бізге өзінің басынан өткен қызықты оқиғалар туралы айтып берді.
«Көршілес елдердің бірінің президентін қарсы алатын болдым. Әуежайға жеткен кезімде кондиционердің бір жағы істемей қалды. Кері қайтып, көлік ауыстыруға уақыт жоқ, ұшақ қонуға беттеп келеді. Президент ұшақтан, түсіп көлікке отырған бетте кондиционерді өшіріп қоюымды өтінді. Осылайша, көлігімдегі ақауды шет елдің Мемлекет басшысына сездірмей кеткен едім. Тағы бірде Мальтаның Елшісін елордадағы қонақүйдің алдында күтіп тұрған едім. Маған көліктің тутұғырына Мальтаның туын орнатуды тапсырды. Қақаған қыс, 40 градус аяз. Тутұғырға ту орнатылмай, әбден әуре-сарсаңға түстім. Сөйтіп жанталасып тұрсам, бір адам таяп келіп «Беріңіз, мен тағайын» дейді. «Кешіріңіз, қазір Елші келеді», десем, «Сол Елші мен ғой», деп күледі. Жалпы, осы жұмыста жүргеннен бері елімізге келген 7 шет мемлекеттің Президентін алып жүріппін», -деп еске алады Міржақып Ашмұқанов.
27 жасында кәсіпорынға жұмысқа тұрып, соңғы 10 жыл бойы еңбек етіп жүрген Данияр Рамазанов жұмысы өзіне ұнайтынын айтады.
«Жоғары мәртебелі шетелдік қонақтарды күтіп аламыз. Одан бөлек еліміздің дамуына ықпал етіп жүрген Президент Әкімшілігіне, Үкімет мүшелеріне қызмет көрсетеміз. Жауапкершілігі өте зор жұмыс деп білемін. Басшылар жиналысқа кіріп кеткен кезде әлеуметтік желіні де жіті қадағалап отырамын. Әсіресе, блогерлер билікті сынап жатады. Ал біз ол кісілердің таң атқаннан кешке дейін ел үшін еңбек ететінін білеміз. Сондықтан лайк жинау үшін билік өкілін сынаудың қажеті шамалы дер едім. Біз ел үшін еңбектеніп, мемлекетіміздің дамуы жолында жанталасып жүрген азаматтарды көріп жүрміз», - деді ол.