Жоғары мектептердің 200 ұстазы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды

АСТАНА. 29 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын беру жөніндегі республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті.

Жоғары мектептердің 200 ұстазы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды

Еліміздің 57 жоғары оқу орнының 200 ұстазы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Оның 51% - ғылым докторлары, 37,5% - профессорлар, қалғандары - ғылым кандидаттары, қауымдастырылған профессорлар, доценттер.

Байқауға 97 жоғары оқу орнынан, оның ішінде 49 мемлекеттік және 48 жекеменшік жоғары оқу орындарынан 500-ден астам өтінім түсті. Конкус жоғары оқу орындарының  70% қамтыды. 

Биыл байқау екі кезеңнен тұрды. Бұл республикалық конкурсқа үміткерлерді айқындауда жоғары оқу орындарының жауапкершілігін арттырды. Екінші кезеңде электрондық айқындау барысында 500 үміткердің ұстаздық қызметінің үздік нәтижелерін көрсеткен 200 үміткер таңдап алынды. 

Конкурс жеңімпаздарының 50 пайызы ғылымның көкейкесті: физика-математика, биология, медицина, химия ғылымдары салаларынан. Ал 31 адам педагогикалық ғылым саласынан.    

Бұл грант жоғары оқу орнының оқытушыларына әлемнің Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Чехия, Венгрия, Швеция, Австрия, Болгария, Литва, Латвия, Ресей жәнебасқа да елдердің үздік жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік бермек.  

Бұдан басқа грант иегерлері бір жыл ішінде халықаралық, республикалық ғылыми конференциялардың, симпозиумдардың, конгресстердің, ғылыми зерттеу тақырыбы және оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша семинарлардың жұмыстарына қатыса алады.