Жоғары оқу орнында «жалған» ғалымдар жұмыс жасаған - БҚО прокуратурасы
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған мекеме құрамына институт есебінде бес бірдей оқу орны, атап айтқанда, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті, Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы, Батыс Қазақстан «Еуразия» тілдер және менеджмент институты, Орал еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы енген. Алайда, бұлардың бәрі экономикалық және заңдылық жағынан дербестігін сақтағандықтан, оңтайландыру формальды түрде сипат алған. Яғни, әрқайсысының өз атауы мен мөрі, банктік есепшоттары, директоры қол қоятын бұйрық кітабы болған, құрылтайшыларымен шетелдік ЖОО-лармен келісімшарттар дербес жасалып отырған. Бұл заңға қайшы келеді. Сондай-ақ, оқытушылары біліктілік талаптарына сәйкес келмеген. Айталық, 229 оқытушы - ғылым кандидатының 130-ы, 52 ғылым докторының 48-і жұмыс жасамайды. Бұл ретте «жалған» ғалымдар - Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары. Олардың жеке іс қағаздары, өмірбаяндары ғаламтордан алынған мәліметтер негізінде толтырылған, суреттері сол ғалымдар штатта тұратын ЖОО-лар сайтында орналастырылған фотоларға ұқсас, қолтаңбаларында айырмашылық бар. Осыны есепке алғанда, ғылыми атағы бар оқытушылар саны 29,3 пайызды құрайды, бұл біліктілік талаптарында көрсетілген көрсеткіштен (кемінде 50 пайыз) төмен.
Бұдан басқа 1154 студенттің дизайн мамандығы бойынша бес жылдықтың орнына төрт жылдық оқуға заңсыз қабылданғаны анықталды. Күндізгі және сырттай бөлімдерде оқитын студентердің саны да сәйкес келмейді. ҰБТ немесе кешенді тестілеуде бір пәннен 4 балдан кем жинаған 270 студент заңсыз қабылданған. 132 шығармашылық емтихан хаттамаларына басқа біреулердің суреттері мен сызулары салынған. Дизайн мамандығы бойынша Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне қабылданғандар кейін басқа мамандыққа ауысып отырған. Мәселен, 2013-2014 оқу жылына дизайн мамандығына 1458 студент қабылданса, содан екінші курста тек 26-сы ғана қалып, өзгелері ауысып кеткен. Биыл 1 курсқа 2741 студент қабылданса, соның 2617-сі басқа мамандыққа оқуға өтініш білдіріп отыр. Дизайн мамандығы бойынша күндізгі бөлімде тұрақты жұмыс жасайтындықтан, сабаққа келмейтін 86 жас «оқиды». Оқуға қабылдауға өтініш берудің мерзімі де бұзылған (99 факті). Тексеру қорытындысына сәйкес, «Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университеті» мекемесінде орын алған заңбұзушылықтарды жою жөнінде ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыным берілді, соған сәйкес лицензиялаудың ережелері мен нормаларын бұзғаны үшін аталған оқу орнына лицензиясын бес ай мерзімге тоқтатумен бірге 45 АЕК, сонымен қатар білім беру мекемесіне қабылдау және ЖОО қызметі ережелерін бұзғаны үшін лицензиясын бес ай мерзімге тоқтатумен бірге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Оған қоса жеке оқу орны басшылығы атына заңдылықты жою шараларын алу және кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыным берілді. Лауазымды қызметкерлердің қызмет бабын заңсыз пайдалану фактілері бойынша қылмыстық іс те тексерілуде.