Жоғары шенді полиция қызметкерінің көлігіне оқ атқандар ұсталды

Ведомство ақпаратына сәйкес, осы жылдың 26 маусымында, шамамен сағат 12-00-де, «Алматы-Өскемен» автожолының 143 шақырымында белгісіз адам «Hyundai Santa FE» маркалы автомобильдің салонынан қызметтік көлікке оқ атқан. Аталған қызметтік көлікте Алматы облыстық полиция департаментінің қызметкерлері болған.
«Бүгін ПД қылмыстық полиция департаментінің қызметкерлері аталған қылмысқа қатысы бар күдіктілердің барлығын анықтап, ұстады. Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабын қолдана отырып, 99-баптың 2-тармағы 1, 2, 7, 8-тармақшаларымен қылмыстық іс қозғады. Олардың тағы бірі ҚР ҚК 28-бабы 3-тармағымен қылмысты ұйымдастырушы ретінде танылды. Қазіргі уақытта барлығы Алматы облыстық тергеу оқшаулағышына қамауға алынды», - деп атап өтеді департаменттен.
Сонымен қатар полиция департаменті күдіктілердің бірі полиция қызметкері болған деген ақпаратқа қатысты мәліметпен бөлісті.
«Аталған азамат полиция қызметкері емес. Өйткені, ол ертеректе теріс қылықтары үшін ішкі істер органдарынан қызметтен шығарылған», - деп түсіндірді ведомстводан.