Жоғары сыныпқа арналған оқу материалдарының мазмұны жаңартылады - А.Сәрінжіпов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жоғары сыныпқа арналған оқу материалдарының мазмұны жаңартылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.
«Сыртқы факторларды ескере отырып, бізге 12 жылдық білім беруге көшуді кешеуілдетуді ұсынған еді. Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы нақты әрі айқын міндет жүктеді: сыртқы факторлар әсері мен бюджеттің оңтайландырылуына қарамастан білім беруді жаңғырту бағдарламасын жалғастыру қажет. Біз өзіміздің орта білім беру жүйеміздің әлемдік стандарттарға сай болуына ұмтылуымыз керек»,- деді министр.
Оның айтуынша, министрлік дайындық сыныптарын ескере отырып, 12 жылдық білім беру жүйесін ұсынып отыр. Өйткені, бүгінгі таңда 6 жасқа толған балалардың шамамен 95 пайызы дайындық сыныптарына баруда. Сондықтан да білім беру бағдарламасының мазмұны аталған жайтты ескере отырып жаңғыртылатын болады.
«Осылайша біз қазіргі уақытта жаңа стандарттармен, жаңа оқу бағдарламаларымен жұмыс істеудеміз. Жыл соңына дейін ол жұмыстар жалғасатын болады. Оқушыларға қажетті дағдыны біз бастауыш және негізгі мектеп аясында беретін боламыз. Ал екі жоғары сынып үшін оқу материалдарының мазмұны жаңартылады және академиялық дағды ұсыну арқылы бейінді оқытуға бағытталады»,- деді ол.