Жоғары вольтты желілер жобасы 2018 жылы аяқталады - «KEGOC» АҚ

АСТАНА. ҚазАқпарат - «KEGOC» АҚ жоғары вольтты желілер жобасын 2018 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте аталған компанияның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев мәлім етті.
None
None

«Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті 500 кВ желісінің құрылысы жобасын толық аяқтауды 2018 жалға жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны 120 млрд. теңгені құрады», - деді компания басшысы.

Бұл жоба әлеуметтік маңызға ие екеніне тоқталған ол, желінің құрылысы кезінде жұмыс орындары құрылатындығын, осы орайда 1,8 мыңға тарта адам жұмысқа тартылатындығын атап өтті.

«Қазіргі кезде 130 шақырым желіні салып болдық. «Семей» қосалқы стансасының құрылыс бөлігін салдық. Бүгінде жабдықтардың монтажы басталды. Биылғы жылдың жоспарында тағы 500 кВТ қуатты 200 шақырым желіні салуды жоспарлап отырмыз. Осы орайда биыл «Семей» қосалқы стансасында жабдықтар орнатылып, қолданыстағы стансаларда жабдықтарды құрастыру іске асырылады. Бүгінде желі жолын келісу, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жүріп жатыр. Ағымдағы жылы біз Талдықорғаннан Алматыға дейінгі учаскеде құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауды жоспарладық», - деп тоқталды ол.

Қажиевтің айтуынша, бұл желі компанияның энергетикалық әлеуетін айтарлықтай арттырады.

Естеріңізге сала кетейік, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат аясында елдің инфрақұрылымдық дамуына айрықша мән берілуде. Қазіргі кезде бағдарлама бойынша энергия саласында «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желіні салу мақсаты қойылды.

Осы екі желі «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзиті 500 кВ желісінің құрылысы бағытындағы ірі жобаның құрамдауышы болып табылады.

Соңғы жаңалықтар