Жоқ көлікті сатпақ болған: 21 тұрғынды алдаған қызылордалық сотталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда қаласында интернет арқылы 21 тұрғынды алдаған азаматқа қатысты сот үкімі шықты.
Қызылорда қалалық прокуратурасы хабарлағандай, Түркістан облысының 19 жастағы тұрғыны «Колеса.кз» қосымшасы арқылы өзінің иелігінде жоқ көліктерді сату үшін жарнамалаған.
– Алдын ала кепіл төлемі ретінде жәбірленушіден ақша сұрап, өз есепшотына аударып алған. Дәл осындай қылмыстық схема арқылы сотталушы Астана, Қызылорда, Шымкент, Тараз қалаларының 21 тұрғынын алдап, оларға жалпы көлемі 500 мың теңгеден астам мүліктік зиян келтірген. Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына сотталды, – делінген хабарламада.
Осыған орай прокуратура азаматтарды зат, тауар және қызмет алу кезінде алдын ала төлем жасамауға, күдік тудыратын, яғни нарықтық құнынан тым арзан қызметтерге күмәнмен қарауға және әлеуметтік желілер арқылы қызметке тапсырыс беру кезінде сақ болуға шақырады.
Айта кетейік, жуырда Павлодар облысында интернет-алаяқтықтың бірнеше дерегіне қатысы бар деген күдікпен төрт адам ұсталды.