Жоқтан бар жасағаннан, қолда барды ұқсатуға көбірек көңіл бөлу қажет -
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Омарқұловтан еліміздегі спорт қоғамдарының қазіргі жай-күйі туралы сұраған едік.
- Қазақстанда бүгінгі таңда қанша спорт қоғамы бар?
- Кеңес одағы тарап, республикалар өз тәуелсіздігін жариялаған соң мемлекеттіктің қалыптасуы мен нығаюы кезеңінде спорт қоғамдары түгелдей дерлік өз қызметін тоқтатты. Экономиканы қайта құру кезінде олардың қызметіне сұраныс болмағандықтан істері қожырап, спорттық базалары саудаға салынды. Бұл тығырықтан тек "Динамо" мен Армияшылардың орталық спорт клубы (АОСК) ғана шықты. Бүгінгі таңда Қорғаныс министрлігіне қарасты "АОСК" мемлекет тарапынан қаржыландырылатын, ал "Динамо" құқық қорғау ұйымдарының қызметкерлерінің өзін-өзін қаржыландыратын спорт қоғамдары боп отыр.
-"Динамо" спорт қоғамының алдында тұрған басты мақсат-міндеттері қандай?
- Біз құқық қорғау органдарының дене тәрбиесі орталығы болғандықтан ең алдымен барлық құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне дене шынықтыру тәрбие жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ еліміздің болашағы жастардың қолында тұрғандықтан, балалар спортын дамытуға да ерекше көңіл бөлеміз. Мәселен біздің маркетингтік бөліміміз соңғы уақытта бүкіл Қазақстан бойынша ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді. Онда еліміздің барлық өңірінде әрқилы спорт секцияларын ашу жұмысына сараптама жасалды. Соның нәтижесінде алдағы уақытта атқарылатын стратегиялық іс-жоспарларымыз нақтылана бастады. Мысалы Оңтүстік өңірде халық тығыз орналасқандықтан бокс, күрес секцияларына, Солтүстік аймақтарда шаңғы тебу, мұзда мәнерлеп сырғанау, коньки сияқты қысқы спорт түрлерін дамытуға басымдық беріліп отыр. Ал Алматыда қоян-қолтық ұрыс, күрес залдарын, таеквондо, мәнерлеп сырғанау, ату және 5 футбол секциясын аштық. Әр абономент 5 мың теңге тұрады. Оның 30 пайызы жаттықтырушының жалақысына, қалғаны қоғамның жарғы бойынша істейтін жұмыстарына жұмсалады. Нәтиже бар. Былтыр біздің жас футболшылар Алматы қаласының кубогында 1-ші орын алды. Қазір бізде бүкіл Қазақстан бойынша 150-ден астам секция бар. Онда 4-5 мың бала жаттығады. Ал қамтылған спорт түрлерінің жалпы саны - 26. Оның 19-ы жазғы, жетеуі қысқы спорт түрлері. Үлкен спорт жағынан 1992 жылдан бері 4 Олимпиада өтті. Онда 34 медаль иелендік. Оның 8-і алтын, 14-і күміс, 11-і қола. Биыл Ванкувердегі қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан 38 адамның 20-сы динамошылар болды. Онда "Динамо" спорт қоғамының мүшесі Е.Хрусталеваның күміс медалінің арқасында Қазақстан жалпы командалық есепте 25-ші орын алды.
- 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарына дайындық қалай жүріп жатыр?
- Спортшылардың барлық оқу-жаттығу жиындары толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Олар біздің спорттық базаларымызда ақысыз тегін жаттығады. Оған барлық жағдай жасалған. Жалпы өзіңіз білесіз "Динаманың" атын шығарған негізінен допты хоккей болды. Қазір біз оны қайта жандандыру үшін көп жұмыс жасап жатырмыз. Негізгі база - Оралдағы "Ақжайық" командасында. Соңғы жылдары команда мүшелерін ішкі әскерлерге енгізіп, көбін жұмысқа орналастырдық. Былтыр олар Мәскеуде өткен Әлем чемпионатында 4-ші орын алды. Сондай-ақ Ресейдің 1-ші лигасында бәрін ұтып Федерация кубогын ұтып алды. Алдыда тұрған басты міндет енді Азия ойындарында 1-ші орын алу. Егер 2014 жылы Ресей бендиді Олимпиада ойындарына енгізсе, онда да жүлделі орынның біріне таласпақпыз. Оған барлық мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бас бапкер Александр Ионкин мен біздің Орталық кеңестің және Азия конфедерациясының төрағасы Ғани Қасымов қызу жұмыс істеп жатыр. Атап айтсақ допты хоккейге Оралда жабық стадион салу жоспарлануда. Ғани Қасымов бюджет комиссиясымен сөйлесті. Оған енді облыс әкімдігі тасырыс беріп, үкімет тарапынан қолдау жасалса бұл бізге де жеңіл болады. Себебі қазір бізді стадионымыз болмағандықтан Ресей чемпионатында Жоғарғы лигаға жібермей жатыр.
- Спорттық базалардың деңгейі қалай?
- Бұрын бүкілодақтық "Динамо" спорт қоғамы тарапынан қаржыландырылатын едік. Қарағандыда және Петропавлда өзіміздің 2 тігін фабрикамыз болды. Ол қазіргі ТМД мемлекеттерін ақшамен қамтамасыз ететін. Одақ құрыған соң біздің көптеген спорт базаларымызбен қатар осы тігін фабрикаларымыз да жекешеленіп кетті. Спорт базаларының 70 пайызын ішкі істер департтаментерінің балансына бердік. Қазір Алматы, Орал және Шымкенттегі базалар ғана "Динамо" спорт қоғамының иелігінде қалды. Жұртшылық жекеменшік десе басқа біреудің иелігінде деп ойлайды. Бұл олай емес, қоғамдық құрылымда барлық мәселені конференция шешеді. Онда сайлау арқылы қоғамдық ұйымдар өз өтініші бойынша нысандарды үкіметке беруге болады. Алайда оны кейін қайтып ала алмай отырмыз. Сондықтан біздегі негізгі қиындық қазір осы боп тұр. Кеңес Одағы кезінде "Динамо" тарапынан салынған 7-8 облыстағы нысандарымызызды қазір өзіміз жалға алып отырмыз. Сондықтан бұл кешендерді толықтай пайдаланылмай жатыр. Олар Ішкі істер департаменттерінің балансында тұр. Өзіңіз білесіз жеке меншік пен қоғамдық меншікті пайдаланудың өзіндік ерекшелігі бар. Онда жауапкершілік те әртүрлі болады. Мәселен біздің "Динамо" спорт қоғамы 1925 жылдан бері шаруашылық есепте болып, оған үкімет тарапынан ақша бөлінген жоқ. Осыған қарамастан ол өсіп-өркендеп, үлкен деңгейге жетті. Жасыратыны жоқ экономиканы қайта құру кезінде біздің спортық базаларымыз Ішкі істер министрлігінің арқасында сақталып қалды. Олпар өз балансына өткен спорттық базаларға кішігірім жөндеу жұмыстарына ақша бөліп тұрды. Енді уақыт өзгеріп келе жатыр. Оны одан ары ұстап тұру оларға аса тиімді емес. Егер оны өзімізге қайтарып беретін болса, бұл екі тарапқа да пайдалы болар еді. Ішкі істер министрліктері артық жүкте арылып, өз шығындарын азайтуға мүмкіндік алса, біз өз міндетімізді толық жүзеге асыруға қол жеткізер едік.
- Сонда бұл спорт базаларын сіздер қалай дамытпақсыздар?
- Оны өзіміздің спорт қоғамымыз арқылы жолға қоюға болады. Қазір қарапайымнан күрделіге қарай жылжып, жаңадан үлкен кешендер тұрғызып әуре болмай, оның орнына қарапайым спорт қалашақтары жасап жатырмыз. Сол арқылы ақша тауып оларды біртіндеп одан ары дамытпақпыз. Мәселен былтыр осы мақсатта Алматыда жасанды алаң салып, жаттығу залдарын аштық. Қызылорда да бір жасанды алаң жасап, тир салдық. Оған орталықтан 15 миллион теңге бөлінді. Ол бүгінгі таңда облыстағы ең жақсы кешен болып отыр. Мұндай жасанды алаң бүкіл облыста бізде ғана бар. Өзге облыстар осылай өздерінің бизнес жоспарын жасап бізге көрсетеді. Оны Орталық кеңесте қарап, тексеріп оған қатысты өз шешімдерімізді шығарамыз.
Қазір бұрын түрлі жағдайда сатылып кеткен спорт кешендерін қайтарумен шұғылданып жатырмыз. Шымкенттегі кешенді сот арқылы қайтардық. Алматыдағы 50 метрлік бассейн, 19-шы шақырымдағы ату базасы мен тау шаңғысы базаларын қайтару мәселесін Президумда шештік. Мысалы бұрын "Динамоның" бассейнінде абонентік төлем айына 3,5 мың теңге болатын. Онда 2 мыңнан астам бала жаттығатын. Олар 3 жыл болды бұл мүмкіндіктен айрылды. Қазір оны ешкім қадағалап, тексеріп отырған жоқ.
- Қазір спорт қоғамдарының қоғамдағы рөлі мен қызметтін реттейтін арнайы заңға қажеттілік туып отырған сияқты? Бұл туралы сіз не ойлайсыз?
- Біз қазіргі таңда "Қоғамдық бірлестіктер туралы" заң арқылы жұмыс істеп жатырмыз. "Спорт қоғамдары" заң әлі қабылданған жоқ. Бір жыл бұрын Үкіметтің спорт қоғамдарын ашу туралы арнайы қаулысы шыққан болатын. Ол әлі күнге дейін жүзеге аспай отыр. Өйткені жаңадан сорт қоғамдарын ашу үшін спорт кешендері керек. Ал облыс орталықтары мен өзге ірі қалаларда қазір оны салатын бос орын жоқ. Сондықтан жоқтан бар жасап әуре болғанша, қолда барды ұқсатудың жолын қарастырған жөн шығар.
Мысалы Башқұртстан Президенті Уфа қаласында "Ақ барыс" командасына спорт сарайын салып берді. Олар сол жыл Ресей кубогын ұтты. Онда балалар 5 жастан бастап мұз айдында жаттығып жатыр. Олар қазір шаруашылық еспепке көшіп, өзін-өзі қамтамыз етуге көшті. Мемлекеттен ақша алмайды.
Коммерциялық емес қоғам болғандықтан біз қызметімізден тапқан табысымызды жарғы бойынша атқарылатын жұмыстарға жұмсаймыз. Көпшілік қауым бұлар мүшелік жарна жинап, сол арқылы күн көреді деп ойлайды. Бұл шындыққа сай келмейді. Мүшелік жарна спорт қоғамындағы түрлі спартакиадаларды ұйымдастыруға және оған қажетті спорттық белгілерді алуға жұмсалады. Жаттықтырушылардың көбі бізде ақысыз істейді. Мысалы 80 жаттықтырушының 30-ына ғана жалақы төлеп отырмыз.
- Елбасы Қазақстан халқына арналған дәстүрлі Жолдауында туризм және спорт министрлігі әкімдермен бірге елде бұқаралық спортты дамыту үшін бірлескен іс-шараларды анықтап, оларды нақты іске айналдыруы керек. Қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа тартылуы тиіс дегенді айтты. Бұған өз тараптарыңыздан қандай үлес қоспақсыздар?
- Өз тарапымыздан бірқатар шараларды қолға алдық. Мысалы студенттер арасында спартакиадалар өткізіп, жергілікті әкімдіктермен байланысып аула клубтарын ашуға әрекеттеніп жатырмыз. ос ыуақытқа дейін Астанада 2 аула клубын аштық. Оны жеделдету ақшаға тіреліп тұр. Әкімдіктерге барып жертөлелерді бізге беріңіздер өзіміз жасап, балаларға спорт секциялар ашайық десек, жасаңдар бірақ жалға алып ақы төлеңдер дейді. Ол бізге тиімсіз. Бізде қазір меншіктің 2 түрі ғана бар. Мемлекеттік және жекеменшік. Бұрын қоғамдық меншік деген болатын. Қазір конституция бойынша қоғамдық ұйымдар мемлекеттен қаржыландырылмайды. Ресейде спорт қоғамдары қоғамдық-мемлекеттік бірлестікте жұмыс жасайды. Жартысы мемлекеттікі, жартысы қоғамдікі. Соның нәтижесінде онда спорт қоғамдары өз базаларын ақша тауып жандандырып жатыр. Бізде спорт қоғамдарын мемлекеттен бөліп тастаған. Бірақ біз осыған қарамастан балаларды қолдап, қызметкерлерге спорттық базалармызды беріп, үлкен спортты дамытып жатырмыз. Бізде "Жас динамошы" деген қозғалыс бар. Олимпиада, Әлем және Азия чемпиондарының көбі солардың арасынан шықты. Қазір біз бұл қозғалысты қарқынды түрде қайта жандандырып жатырмыз. Спорт секцияларын ашып, отбасылық жағдайы нашар және болашағынан үміт күттірер аса талантты балаларды ақысыз жаттықтырып жатырмыз. Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған балалар ісі жөніндегі инспекторда тіркеуде тұрған қараусыз қалған және нашақор балаларды да спорт секцияларына ақысыз жаздырамыз. Ғылыми тәжірибелік дене шынықтыру және спорт орталығымен бірлесіп жасөспірімдердің баскетбол лигасын құрып жатырмыз. Былтыр балалар мен жасөспірімдер арасында 15 жарыс өткіздік, оған 5-6 мың адам қатысты.
- Шет елдерде спортқа бизнестің бір түрі ретінде қарап, спорт қоғамдарының өзін-өзі қаржыландыруға қолайлы жағдай жасалғанын өзіңіз де айтып отырсыз. Бұған біз қандай жолмен қол жеткізе аламыз?
- Біз спортты бизнеске айналдыруға тырысып жатырмыз. Оған қазір ақырындап келе жатырмыз. Егер бізде де меншіктің қоғамдық түрі қалыптасатын болса бұл спортты дамытуға тың серпін берер еді. Мысалы допты хоккейден Оралда клуб ашайық деп жатырмыз. Оған қазіргі кезде облыстық әкімдік онша ықылас білдірмей отыр. Олар демеушілерді сыртқа ысырып тастап бәрін өзінің бюджетіне алмақшы. Бұған дейін команданың демеушісі Орталық базар болды. Олар 5 жылда жаңа спорт кешенін салып, алдағы уақытта клубтың өзін-өзі қамтамасыз етуіне мүмкіндік жасап беруге әзір. Барлық елде клубтар демеушілер арқасында дамып жатыр. Бір кезде 19 дүркін чемпион болған "Динамо" допты хоккей клубын қайта жандандыру оңай емес. Барды жоқ қылып тастап, қайтадан қалпына келтіру қиын. Қазір біздің бұрынғы хоккейшілердің балалары Ресей, Норвегия, Финляндия чемпионаттарында ойнап жүр. Олардың әкелері 1992 жылы рұқсат сұрап Италияға, Ресей сияқты алыс-жақын шет елдерге кеткен еді. Біз оларды 7-8 жыл ұстап тұрдық. Одан ары шамамыз жетпеді. Мысалы Ресей хоккейшілері 25 мың еуро алады. Бізде спортшылардың жалақысы одан әлдеқайда аз. Осыған қарамастан, біздің сырта жүрген спортшыларымыз даңқты "Динамоға" оралып, оны жандандырып ел намысын қорғауға сұранып жатыр. Әрине біз бәрін ала алмаймыз және олар легионер емес.
- Халықаралық байланыстар қазір "Динамода" қаншалықты деңгейде жолға қойылған? Елімізде спорт қоғамдарының дамуы қай деңгейде тұр?
- үш-төрт жыл болды динамошы елдердің үйлестіру кенесі құрылды. Оған 15 ел кіреді. Оның ішінде ТМД мен Болгария, Румыния, Монғолия, Италия бар. Енді оған Германия кірейін деп жатыр. Мамырдың 20-22 күндері Санк-Петербургте орталықтың кеңесі болды. Бұған дейін біз Уфа, Новосібір, Мәскеу қалаларында өткен кеңестерге қатыстық. Сондай-ақ Ресейдегі, Украинадағы "Динамо" спорт қоғамдарының 85 жылдығында болдық. Биыл қазан айында біздің 85 жылдық мерейтойымыз өтеді. Осыған орай Астанаға Үйлестіру кеңесін шақырмақпыз.
Қазіргі таңда динамолық елдердің ішінде спорт қоғамдарының ең күштісі Украинада. Онда "Динамо" қоғамдық емес мемлекеттік бірлестік боп кетті. Бюджеті 7 миллион доллар. Ал Ресейде ол мемлекеттік-қоғамдық бірлестік. Онда 86 аймақта 1,5 миллион динамошы бар. Оның ішінде Уфа мен Қазан динамошылары өте мықты саналады. Ал Орталық Азия елдері арасында біз көшбасшы боп тұрмыз. "Динамоның" базалары Қырғызстанда, Өзбекстанда сол қалпында сақталып қалды. Тәжікстанда ол Ішкі істер министрлігіне берілген. Моңғолияда "Динамо" қоғамдарын куш дейді. Олардың жағдайы да жаман емес. Моңғолиядағы әріптестеріміз жақында бізге келіп кетті. Өзара тәжірибе алмастық. Мамыр айының аяғында олар өздерінде дзюдо күресінен динамиада өткізгелі жатыр. Оған қатысатын елдер өз командаларының жол ақысын өздері төлейді, ал спортшылардың жатын орны мен тамағын жарысты ұйымдастырушылар өз мойнына алмақ.
- Биыл "Динамо" спорт қоғамы елімізде қандай жарыстарды жоспарлап отыр?
- Барлық құқық қорғау органдарының басын қосып Қазақстан бойынша 4 динамиада өткіземіз. Оған 8 команда қатысады. Мамырдың 26-сы күні футбол, волейбол және күрес түрлерінен жарыс өтеді. Жарыстың бәрі Жеңістің 65 жылдығына және "Динамоның" 85 жылдығына арналады. Бізде жыл сайын бұл жарыстарға 100 мыңнан астам адам қатысады. Мүшелеріміздің саны 90 мың адамнан асты. Соңғы жылдары ол жыл сайын өсіп келе жатыр. Қазір студенттермен байланысты нығайтып жатырмыз. Сондай-ақ жыл сайын Балалар күніне орай "Динамо балаларға" деген қайырымдылық акциясын өткіземіз. Ол бір уақытта 18 қалада өтеді. Оған 5-6 мың адам қатысады. Біздің жер-жердегі барлық филиалдармыз түрлі балалар үйлерін өз қамқорлығына алған болатын. Олар өз мүмкіндігіне қарай жарыс өткізетін спорт түрінің санын өздері белгілейді. Мысалы ол Алматыда биыл 10 спорт түрінен өтеді. Оған былтыр 500 бала қатысқан еді. Бұл жолы олардың саны бұдан әлдеқайда көп болады деп жоспарлануда. Жалпы жоспарланған іс көп. Әрбір күннен үлкен үміт күтіп отырмыз.
- Үміттеріңіз ақталсын. Әңгімеңізге рахмет.