Жол апаты жиі болатын өңірлер белгілі болды
Ішкі істер министрлігі еліміз бойынша жол апаты жиі тіркелетін аймақтарды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл елімізде жол апаты көрсеткіші төмендеді. Атап айтқанда, жол көлік оқиғалары 13%-ға , ал апаттан жарақат алғандар16%-ға азайды. Сонымен қатар жол апаты салдарынан қаза тапқан саны да азайды. Біздің мамандар 2 мыңға жуық адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалды. Дегенмен жол апатының азаюына қарамастан, Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында апат деңгейі жоғары. Негізгі себептердің бірі – жолдар мен оның инфрақұрылымдық жағдайы», - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, статистикаға сәйкес жол-көлік апаттарының 73% елді мекендерде болады.
«Соңғы жылдары заманауи магистральдар салынуда. Бұл жол қауіпсіздігіне оң әсер етуде. Мәселен, 15 жыл бұрын жолда 4 мыңнан астам адам қаза болатын, қазір 2 есе азайды. Ал магистральдық тасжолдардың жекелеген учаскелерінде өлім саны 6 есе қысқарды. Мәселен, «Астана-Щучинск» тасжолын бірінші санатқа ауыстырғаннан кейін жол-көлік апаты салдарынан болатын адам шығыны жылына 75-тен 12-ге дейін төмендеді. Бұл жұмысты жалғастыру керек», - дейді министрдің бірінші орынбасары.