Жол апатына кінәлі адам оқиға орнынан қашып кетсе не істеу керек

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Кей жағдайда жол апатына кінәлі адам оқиға орнынан із суытып кетеді. Осындай жағдайда не істеу керектігін және қашып кеткен адамның қандай жазаға тартылатынын анықтап көрдік.

дтп
Фото: Canva

Заң бойынша жол апатына түскен адамның не істеу керектігін білу үшін ШҚО полиция департаментіне ресми сауалхат жолдадық

— Ең алдымен жүргізуші көлігін дереу тоқтатып, оны орнынан қозғамауы қажет. Апаттық жарық сигналын қосып, апатты тоқтау белгісін жол қозғалысы ережелерінің талаптарына сәйкес қоюы керек. Сондай-ақ оқиғаға қатысты заттар болса оны да орнынан қозғамауы тиіс. Жарақат алғандар болса дәрігер келіп жеткенге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыруы қажет. Егер жағдай шұғыл болып, жедел жәрдемді күту мүмкін болмаса, зардап шеккендерді өтіп бара жатқан көлікпен немесе өз көлігімен жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізуі керек. Бұл кезде жүргізуші өзінің аты-жөнін, көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін айтып, жеке басын куәландыратын құжатты немесе жүргізуші куәлігін және көліктің тіркеу құжатын көрсетуге міндетті. Медициналық мекемеге жеткізгеннен кейін жүргізуші оқиға орнына қайта оралуы тиіс, — деп жауап берді департаменттің баспасөз қызметінен. 

Жол апаты туралы полицияға дереу хабарлап, оқиғаның куәгерлері болса, олардың аты-жөні мен мекенжайын жазып алуы керек.

ДТП
Фото: freepik

Содан кейін жол сақшылары келгенше апат орнында күтуге міндетті (егер бұл жағдай жол қозғалысы ережелерінің 1-бөліміндегі 8-тармақта көрсетілген ерекшеліктерге жатпаса).

— Ал егер жол-көлік оқиғасы салдарынан басқа көліктердің қозғалысы мүмкін болмаса, жүргізуші жолды ашуы тиіс. Жолды ашар алдында көлік пен апатқа қатысты іздер мен заттардың орналасуын куәлардың қатысуымен тіркеп, оларды мүмкіндігінше сол қалпында сақтау қажет. Сонымен қатар апат орнын айналып өту үшін қауіпсіз жағдай жасауға міндетті, — делінген ақпаратта.

Жол апатына кінәлі адам оқиға орнынан қашып кетсе онда оның көлігін, мемлекеттік тіркеу нөмірін жаттап алып, полицияға хабарлау қажет. 

Егер жүргізуші жол-көлік оқиғасына байланысты заңмен бекітілген міндеттерді орындамаса, ол Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 611-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

Нақты айтқанда:

  • Жол-көлік оқиғасына қатысқан жүргізушінің заңда көзделген міндеттерін орындамауы — 5 АЕК (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі.
  • Жол апаты болған жерден кетіп қалу — 50 (196 600 теңге) АЕК көлемінде айыппұл немесе бір жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасына әкеліп соғады. 
  • Жүргізуші куәлігі жоқ немесе көлік айдау құқығынан айырылған адам болса — 100 АЕК (393 200 теңге) мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Жол-көлік оқиғасы — тек сәтсіздік емес, үлкен жауапкершілік. Заң талаптарын орындау — өзіңіздің ғана емес, өзгелердің де өмірі мен қауіпсіздігін қорғау екенін қаперде ұстаңыз!

Еске салсақ, осыған дейін Шымкентте жүргізуші куәлігін заңсыз берумен айналысқан топ ұсталғаны хабарланған. 

Соңғы жаңалықтар