Жол бойындағы медпункттер қанша адамның өмірін сақтап қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің үлкен жолдарында медициналық көмек көрсететін 10 пункт жұмыс істейді. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі дөңгелек үстел отырысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2012 жылы медициналық-құтқару пункті құрылып, бүгінде еліміздің бүкіл аумағында мұндай пункттің 40-ы жұмыс істеп тұр. Әрбір пунктте бір реанимобиль және дәрігер, фельдшер, фельдшер-диспетчер, құтқарушы, жүргізуші-құтқарушы қызметкерлері бар шұғыл әрекет ету бригадасы жұмыс істейді. Сонымен қатар жол-көлік апаты орын алған жерден зардап шегушіні ауруханаға жеткізу үшін тікұшақ қонатын арнайы алаң жасалған.
«Құрылған сәттен бастап пункттер жол-көлік оқиғасы орындарынан 7 мыңнан астам шақырту алып, 7 мыңнан астам зардап шегушіге көмек көрсетті. Олардың ішінде 5 мыңнан астам адам ауруханаға жеткізілді. Жол-көлік оқиғасына тап болып, өз еріктерімен келген жолаушыларға және таяу елді мекендердің тұрғындарына 13 мыңнан астам медициналық көмек көрсетілді», - деді ол.
Сонымен қатар вице-министр депутаттардың назарын медициналық-құтқару пункттерін одан ары дамыту қажеттілігіне аударды.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай көлік-логистикалық магистралінің дамуына байланысты бұл желіні одан ары дамыту қажеттілігі туындап отыр. Дегенмен, барынша пайдалы бағыттың дұрыс жұмыс істеуі және одан ары дамуы үшін қаржыландыру қажет», - деді Юрий Ильин.